Конспирология: «Pfizer вакцинасында графен және микрокомпьютерлер бар»
Желіде зерттеуші Мик Андерсен Pfizer вакцинасынан графен мен өздігінен құрастырылатын микрокомпьютерлер анықтады деген ақпарат тарады. Ол «Құпия технологияларды» микроскоппен түсірілген препараттың фотосуреттерінен байқаған екен. Бұл ақпаратта конспирологияның белгілері бар.
Пост авторының айтуынша, Telegram чатта шыққан ақпаратқа тіркелген фотосуретте, Pfizer вакцинасының бір тамшысы буланғаннан кейін графен және белгілі бір микротехнологияның өздігінен құрастырылу процесі көрсетілген.
Бұл туралы Eldiestro испан сайтында жарияланған «Трансуманистік революция» мақаласында айтылған, оның сілтемесі ұсынылған. Автор микроскоппен Pfizer вакцинасының үлгісін бақылап, суретке түсірген зерттеуші Рикардо Делгадо туралы айтады. Кейіннен тағы бір зерттеуші Мик Андерсен суреттерде микроқұрылғылардың құрастырылу процесін көріп, сәйкестендірген екен.
«Микроскоппен көргеніңіз – бұл молекулалық биология емес, телекоммуникациялық техника. Бұл вирустық ақуыздар емес, эпитаксиалды өсуге негізделген микрокомпьютердің өздігінен құрастырылу процесі. Бұл вакцина емес, құпия технологияның қаруы», – деп жазады автор
Енді мақалада айтылған «зерттеушілерге» және олардың осы оқиғаға қатысуына тоқталайық.
Рикардо Делгадо Мартин – іс жүзінде зерттеуші емес, ол биостатистика маманы және вакцинацияға қарсы La Quinta Columna (бесінші баған) испан қозғалысының негізін қалаушы. Maldita.es испан фактілерді тексеру қызметінің және La Vanguardia басылымның мақалаларына сәйкес, Делгадо COVID-19 туралы жалған ақпаратты жиі таратады. Оның өзі Pfizer вакцинасын микроскоппен бақыламаған. Ол 2021 жылғы 28 маусымда мұны профессор Кампра тапсырысған.
Пабло Кампра – Альмерия университетінің профессоры, ол Pfizer-BioNTech құтысындағы сұйықтық үлгісін өз бетінше бақылаған. Профессор өз есебінде құтыны курьер жеткізгенін айтады. Бұл құтының қайдан алынғаны және оның ішінде не болғаны белгісіз. Кампра сұйықтық суреттерін ғылыми журналдарда жарияланған графен оксидінің суреттерімен салыстырды және олар ұқсас деген қорытындыға келеді. Сарапшылар Кампраның тұжырымдарын сынға алды. Дәлелдер арасында «1% графен немесе графен оксиді» бар сұйықтықтар қара немесе қою түсті болады деген дерек те келтіріледі. Ал COVID-19-ға қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасы мөлдір немесе сарғыш түсті сұйықтық болып табылады.
Пабло Кампра «микроскоптың нақты дәлелдер бермейтінін» және талдау «бір шектеулі үлгіде» – шығу тегі белгісіз үлгіде жасалғанын өзі де мойындайды.
Біз COVID-19 қарсы вакциналардағы графеннің құрамы туралы танымал қастандық теориясын бірнеше рет жоққа шығарған болатынбыз.
Мик Андерсен – вакцина үлгісінде «микрокомпьютерлердің өздігінен құрастырылу процесін сәйкестендірген» зерттеуші. Мұндай зерттеуші туралы ақпарат ресми ашық дереккөздерде жоқ. Алайда, ол туралы конспирологиялық теориялар мен қастандық теориялары, соның ішінде COVID-19 қарсы вакциналаа құрамында наноантендер мен чиптердің болуы туралы хабарламалар жарияланған сайттарда айтылған. Ал, белгісіз үлгі көрсетілген фотода вакцина және микрокомпьютерлердің өздігінен құрастырылу процесі көрсетілгеніне ешқандай дәлел жоқ.