Фейк: «Уругвай мен Аргентинада жасанды жолмен өсірілген мутант масалар көбейді»
Көліктің әйнегіне соғылған қаптаған маса, банкаға салынған ірі жәндік -Қазнет қолданушылары әлеуметтік желілерде ерекше видеолармен бөлісуде. Олардың пайымдауынша, Уругвай мен Аргентинада Билл Гейтс жасаған мутант масалар көбейген. Бұл фейк.
Биыл ақпан айында Аргентинада масалар көп тарағаны рас. Сарапшылар бұл құбылысты «тасқын масалар» деп атайды және оны нөсермен, жоғары ылғалдылықпен және жылы ауа райымен байланыстырады. Жаңбыр салдарынан пайда болған шалшықтарда масалардың жұмыртқалары жетіледі. Олардан дернәсіл дамиды, кейін ол қуыршаққа айналып, бір аптадан кейін өседі. Масалардың көбі денге вирусын тасымалдамайтын Aedes albifasciatus түрі болып табылады.
Буэнос-Айрес Паразитологиялық зерттеулер орталығының директоры Виктория Мичелидің айтуынша, «бұл жәндіктер тағы 15- 20 күн болады, өйткені олардың өмір сүру ұзақтығы осындай». Мичели бұл жағдайды «маса обасы» деп атады.
Көрші елдегі жағдайды көріп, Уругвай Денсаулық сақтау министрлігі жәндіктердің шағуынан қорғау бойынша өз ұсыныстарын шығарды. Ведомство масалардың бірде-бір түрі денге, Зика вирусын немесе чикунгунья ауруының тасымалдаушысы емес екенін айтты. Бірақ жылқы энцефалитінің вирусының таралуына сеп болуы ықтимал.
Айта кетейік, бұл осындай жалғыз жағдай емес. Климатқа байланысты Оңтүстік Америка елдерінде масалар жыл сайын көбейеді. Басты қауіп – денге вирусы. Вирус инфекциясы Aedes aegypti түрінің аналық масасы шағып алған кезде пайда болады. Ауырған кезде дене температурасы көтеріліп, бас және бұлшықет ауырсынуы, бездердің ісінуі, құсу болады. Денге безгегінің ауыр түрі өлімге әкелуі мүмкін.
Өткен жылдың алғашқы төрт айында Аргентинада денге инфекциясының 40 мыңнан астам жағдайы тіркелді.
Жақында Аргентина Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың ақпан айында 2023 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда науқастар саны 2546%-ға өскенін хабарлады. Бүгінде 57 мыңнан астам адам ауру жұқтырған, олардың 28-і қайтыс болды.
Денге вирусы тропикалық және субтропикалық елдерде жиі кездеседі. Мысалы, Бразилияда. Дәл осы елде 2014 жылы генетикалық түрлендірілген масаларды табиғи ортаға шығару жобасы іске қосылған болатын. Ғалымдар жәндіктер өз түрін жоя алатындай оларға денге генін қосқан. Бұған дейін жүргізілген зерттеу гендік-модификацияланған масалар шығарылған жерде жабайы масалар популяциясы 85%-ға азайғанын көрсетті.
2021 жылы осындай жоба Флориде-Кисте (АҚШ) жүзеге асырылды. Үкімет 750 миллион ГМ масаны шығаруға рұқсат берді. Бұл Aedes aegypti-мен күресу үшін инсектицидтерді бүркудің балама жолы болды. Масалар модификациясымен Oxitec компаниясы айналысқан. Жобаға 10 жылдан астам уақыт жұмсалды. Oxitec демеушілерінің бірі Билл және Мелинда Гейтс қоры. Аталған ұйым медицинаның қолжетімділігін арттыруға, ақпараттық технологиялар және білімге байланысты жобаларға инвестиция салады, кедейлік пен климаттың өзгеруіне қарсы күрес те басым бағыттардың қатарында.
АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің федералды агенттігі ГМ масалар туралы толық ақпаратты жариялап, олардың адамдарға, жануарларға және қоршаған ортаға қауіп төндірмейтінін атап өтті.
Аргентина мен Уругвайда масалардың көбеюі генетикалық түрлендірілген түрлерімен байланысты деп айтуға негіз жоқ. Аталған елдерде жыл сайын маса қаптайды. Бұл ауа райына байланысты. ГМ масалар да бар, бірақ олар адамдарға қауіпті вирустарды тарататын жәндіктермен күресу үшін жасалған.