Фейк: «Спутник-V» вакцинасы клиникалық зерттеулерге ғана арналған»
Instagram әлеуметтік желісінде «Спутник» атауымен белгілі «Гам-Ковид-Вак» вакцинасының қаптамасының фотосуреті таралуда. Қорапта «Клиникалық зерттеулерге арналған» деген жазу бар. Осыған орай пайдаланушылар бұл препарат жаппай вакцинациялауға арналмаған, яғни бүкіл егу науқаны заңсыз деп санайды. Бұл жалған.
Суретте «Спутник-М» атауымен белгілі «Гам-Ковид-Вак-М» вакцинасының қаптамасы көрсетілген. Бұл препарат 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған және қазір клиникалық сынақтардан өткізіліп жатыр. Оның ересектерге арналған «Спутник-V» вакцинасынан ерекшелігі – концентрациясы әлдеқайда төмен, демек бұл екі түрлі препарат.
«Спутник-М» препараты әлі жаппай қолданысқа енгізілмегендіктен, қаптамада оның тек клиникалық сынақтарға ғана арналғаны көрсетілген. Ересектерге арналған препараттарды да қолдануға жібергенге дейін, құтыларда дәл осындай белгілер болған. Вакцина қажетті клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан өткеннен кейін қаптамадан тиісті белгі алынып тасталды.
Қораптағы «КЗҰ: «Крокус Медикал Б.В.» (Нидерланды)» жазуы да препараттың Нидерландта өндірілгенінің белгісі емес. «Крокус Медикал Б.В.» компаниясы тек клиникалық сынақтар жүргізумен ғана айналысады және Ресейде өкілдігі бар. Яғни, вакцинаның қаптамасындағы компания атауы препараттың өндірушісінің атауы емес, сынақтарды «Крокус Медикал Б.В.» жүргізіп жатқандығын көрсететін ақпарат.
Естеріңізге сала кетейік, ересектерге арналған «Спутник-V» вакцинасы сириялық аламандарда және приматтарда клиникаға дейінгі сынақтардан өткізілді, сондай-ақ жеті мемлекетте жүргізілген барлық үш фазада жалпы 22 клиникалық сынақтан өтті.
Ол әлемнің 74 елінде жаппай қолдану үшін мақұлданған, қауіпсіз және тиімді болып табылады.
Демек, қазір клиникалық сынақтардан өтіп жатқан «Спутник-М» препаратының фотосуреті «Спутник-V» вакцинасы жаппай қолдану үшін мақұлданбағанын және тәжірибелік болып табылатынын дәлелдемейді.