Фейк: «Балалар үйінің тәрбиеленушілерін мәжбүрлеп вакцинациялады»
Мессенджерлерде қазақстандық балалар үйлерінің барлық тәрбиеленушілері COVID-19-ға қарсы мәжбүрлеп егілгені туралы ақпарат таратылуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі оны жоққа шығарды.
Ведомствоның хабарлауынша, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін де COVID-19-ға қарсы вакцинация ерікті түрде жасалады.
– Вакцинация балалардың ресми өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Балалар үйінің тәрбиеленушілерін COVID-19 қарсы 100% егу міндетті емес, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық covid-диссиденттер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы жалған ақпаратты бұған дейін де таратқан. Біз КВИ қарсы жаңа вакциналарды қазақстандық балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінде мәжбүрлеп сынақтан өткізетіні туралы фейкті жоққа шығарған болатынбыз.