Фейк: «Илья Мечников вакциналар қауіпті деп айтты»
Қазақстандықтар What ‘ sApp мессенджерінде физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Илья Мечниковтың сөзімен бөлісуде. Биолог былай деген екен: «Сау ағзағаденеге вакцина қажет емес, ал науқас үшін ол өте қауіпті». Мечниковтың бұлай айтқанына ешқандай дәлел жоқ.
Илья Мечниковтың вакциналарға қарсылық танытып, оларды «аса қауіпті» деп айтқаны туралы қауесетті VoxUkraine басылымы жоққа шығарған болатын.
Илья Ильич Мечников – иммунолог, патологтар мен микробиологтарының алғашқы орыс мектебінің негізін қалаушы. Ол жасушалық-делдалдық иммунитет теориясының негізін қалаушылардың бірі болып саналады.
1908 жылы ол Паул Эрлихпен бірге «иммунитет бойынша жұмысы үшін» Нобель сыйлығын иеленген.
1886-1887 жылдары Одесса бактериологиялық станциясын басқарған. Мекеме вакциналар әзірлеуге мамандандырылған.
1888 жылдан бастап Париж Пастер институтында жұмыс істей бастайды, онда әртүрлі жұқпалы ауруларды зерттеп, оларға қарсы вакциналар жасаумен айналысты.
Глеб Буланниковтың «Илья Мечников» атты кітабында оның Одесса бактериологиялық станциясында жұмыс істеген кезі сипатталған. Ол кезде биолог адамдарды құтыру ауруына қарсы вакцинациялау қажет деп сендірді. Атап айтқанда, Буланников Мечниковтың құтырған ит қауып алған, бірақ екпе салдырғаннан кейін, ауруынан айығып шыққан қызды құтқарғаны туралы әңгімесінен үзінді келтіреді.
Илья Мечниковтың өзі 1901 жылы жарық көрген «Жұқпалы ауруларды жұқтырмаушылық» атты кітабында былай деп жазады: «Бірнеше жылдан кейін вирустардың әлсіреуі, әлсіреген микробтармен вакцинациялау секілді, енді жоққа шығарылмайтын және түпкілікті белгіленген шындықтар саласына енуі тиіс жалпы жұрт қабылдаған шынайы фактіге айналады».
Бұл кітапта Мечниковтың мынадай да дәйексөзі бар: «Статистикалық мәліметтер өте қолайлы: вакциналар қаупі мүлдем жоқ немесе өте аз».
Бұл Илья Мечниковтың вакцинацияны қолдағанын және өзі де иммундауға арналған препараттарды әзірлеуге қатысқанының белгісі. Оның бұған қарсы сөз айтқанына ешқандай дәлел жоқ. Оның сау адамдарға вакциналардың қажеті жоқ, ал науқастар үшін олар өте қауіпті деген сөзі оның кітаптарында да, Илья Мечниковқа арналған басқа авторлардың жарияланымдарында да жоқ.
Демек, келтіріліп отырған дәйексөз ұлы биолог және Нобель сыйлығының лауреаты Илья Мечниковтікі емес.