Фейк: «Компьютерлік ойын COVID-19 пандемиясын болжаған»
Қазақстандықтар Plague Inc компьютерлік ойынынан COVID-19 пандемиясын байқаған. Стратегия сценарийі кейбір пайдаланушыларға қазіргі кезде әлемде болып жатқан оқиғаларға ұқсас болып көрінген. Шын мәнінде, ойынның пандемиямен байланысы жоқ.
Plague Inc. ойыны 2012 жылы шыққан. Бұл стратегияның сценарийі бойынша патоген жасап, оның көмегімен Жердің барлық тұрғындарын жою керек. Ойын барысында ойыншы ұпай жинап, патогенді дамыта алады, оның қасиеттерін арттырады. Жеңіске жету үшін әрбір іс-қимылды мұқият ойланып жасап, Жер бетіндегі соңғы адам өлмейінше, ғалымдарға вакцина әзірлеуге жол бермеу керек.
Ойынды жасаушы Джеймс Вон 2011 жылы шыққан «Індетті жұқтыру» фильмінен және планета халқына жұққан қауіпті патогенді басқаруға негізделген Pandemic 2 флеш-ойынынан шабыт алған.
2014 жылы ойынының ДК арналған нұсқасы пайда болды, ол Plague Inc Evolved деп аталды. Әзірлеушілер графиканы жақсартып, смартфонда ойнағанда қолжетімсіз болатын кейбір опцияларды қосты.
2020 жылдың басында Қытайда бұл ойынға тыйым салынды, ал бұған дейін ол елдегі мобильді қосымшалар сатылымында көш бастаған болатын.
Сол жылы ойында Cure Mode деп аталған жаңа режим пайда болды. Оған ауысу арқылы ойыншы вакциналарды әзірлеуді бақылап, аурудың таралуына жол бермей, адамзатты жойылып кетуден сақтаған.
Айта кетейік, ойынды әзірлеушілердің өздері де оның COVID-19 пандемиясымен ешқандай байланысы жоқ екенін атап өтті.
– Plague Inc. – бұл ғылыми модель емес, ойын. Қазіргі коронавирустың өршуі – бұл көптеген адамдарға әсерін тигізген шынайы жағдай. Осыны ұмытпаңыздар, – делінген олардың мәлімдемесінде.
Сценарийі қандай да бір аса қауіпті аурумен байланысты Plague Inc-тен де басқа ойындар бар. Мұндай ондаған ойынның кейбірі аса танымал.
Қорыта айтқанда, Plague Inc ойыны пандемия басталғанға дейін 7 жыл бұрын шыққан, оның індетпен ешқандай байланысы жоқ және оның сценарийін болжамайды.