Фейк: «Ротшильдтер COVID-19 диагностикалау әдісін 2015 және 2017 жылдары патенттеген»
Қазнет пайдаланушылары Telegram мессенджерінде COVID-19 диагностикалау кезінде жарамды биометриялық деректерді талдау әдісіне берілген патенттермен бөлісуде. Бұл 2015, 2017 және 2020 жылғы құжаттар. Қастандық теориясын жақтаушылардың пікірінше, бұл пандемияның қолдан жасалғанын және оны әлемдік үкімет жоспарлағанын дәлелдейді. Бұл олай емес.
Талқылауда айтылған US 2020/0279585 A1 патенттің бар екені рас. Оны Ричард А. Ротшильд 2020 жылғы 17 мамырда алған. Қысқаша сипаттамада «Пациенттің COVID-19 сияқты вирустық инфекцияларды жұқтырғанын анықтау үшін талдау үшін биометриялық деректерді (мысалы, өмірлік көрсеткіштер) жинау және беру әдісі» делінген.
Сонымен қатар құжаттың бірінші бетінде бұл патент 2019 жылғы 5 желтоқсандағы 16 / 704,844 өтінімнің жалғасы болып табылатыны көрсетілген, ал ол өз кезегінде 2019 жылғы 19 ақпандағы 16 / 273,141 өтінімнің жалғасы. Ол да 2017 жылғы 24 сәуірдегі US20200126593A1 патентіне қосымша болып табылады. Бұл патент 2016 жылғы 13 қазанда берілген бұрынғы өтінімнің жалғасы, ол қазір тоқтатылды.
2017 жылғы US20200126593A1 патентінде COVID-19 және аурудың қоздырғышы SARS-CoV-2 вирусы туралы ештеңе айтылмаған. Онда тек бір немесе бірнеше пациенттің биометриялық деректері мен өмірлік көрсеткіштерін жинау және талдау әдісі туралы жазылған.
Әзірленген технологияны алғаш рет 2015 жылы патенттемек болған. Сондықтан 2015 жылғы 13 қазанда US 2020/0279585 A1 патентінде Priority Date деп жазылған, яғни патенттік өтінімдер топтамасында бірдей немесе ұқсас технологияға алғашқы өтініш беру күні ретінде көрсетілген.
Уақыт өте келе әзірлеушілер патент алуға жаңа өтінімдер бере отырып, өз технологияларын толықтырып, жетілдірді. COVID-19 және пандемияға байланысты технологиялар туралы ескертулер 2020 жылғы 17 мамырда берілген өтінімде ғана бар.
Пациенттердің өмірлік көрсеткіштерін, соның ішінде қандағы оттегінің деңгейін өлшейтін пульсоксиметрлерді және өкпенің функционалдығын анықтайтын спирометрлерді қолдану арқылы оқу және талдау COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін қолданылған және олардың пайда болуы аурумен байланысты емес.
Осылайша, әлемдік үкімет мүшелері COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін ол туралы білген және оны өздері жоспарлаған деген теория расталмайды.