Дәлелсіз: «COVID-19 қарсы вакцина алғаннан кейін есінен танып қалған медбике қайтыс болды»
Желіде COVID-19 қарсы вакцина алғаннан кейін есінен танып қалған Теннесси штатының медбикесі Тиффани Довер көз жұмды деген ақпарат талқылануда. Тиффани бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде түк жазбағандықтан осындай қорытынды жасалған. Ал сайттардың бірінде оның қайтыс болу туралы куәлігі табылған. Шындығында, бұл оның өлгеніне дәлел бола алмайды.
Пайдаланушылар медбикенің қайтыс болу туралы куәлігі жарияланған деген searchquarry.com сайтының скриншоттарымен бөлісуде. Бірақ, куәліктің өзінің фотосуреті жоқ, тізімде аты ғана бар, жасы мен туыстарының есімдері көрсетілген, олардың кейбірі Тиффани әлеуметтік желілерінде белгілеген адамдармен сәйкес келеді. Айта кетейік, searchquarry.com сайты – ресми емес және ақшаға бейтаныс адамдардың құжаттары мен деректерін алуды ұсынады. Мысалы, платформада бір құжаттың бағасы – 14.95 доллар. Алайда, құжатты мұндай жолмен алу заңсыз болып табылады. АҚШ заңдарына сәйкес, қайтыс болу туралы куәлік марқұмның жақын туыстарына, жұбайына, адвокаттар мен заңгерлерге, жерлеу бюросының өкілдеріне берілуі мүмкін. Кейбір штаттарда бұл тізім басқаша болуы мүмкін, бірақ ешбір жерде құжаттар бөгде адамдарға заңды түрде берілмейді.
Жалған аттармен көп нәтиже беретіні де searchquarry.com ресурсының сенімділігіне күмән келтіреді. Мысалы, жүйеде бірнеше Вилли Вонканың, 40 марқұм Дональд Трамптың, бірнеше Дарт Вейдердің (олардың ең үлкені 73 жаста, яғни «Жұлдызды соғыс» дастанының алғашқы фильмінен де үлкен), тіпті Мыстан кемпірдің де қайтыс болу туралы куәлігі оңай табылды. Сондай-ақ, америкалық блогерлердің бірі веб-сайтты тексергеннен кейін өзінің қайтыс болу туралы куәлігін тапқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Тиффани Довердің қайтыс болғанын растайтын құжат болған жағдайда, портал Де Калб округінің ресми жазбаларына сүйенеді. Бірақ Алабама штатындағы (Тиффани тұратын) осы округтің ресми сайтында мұндай жазбалар жоқ.
Тиффани Довер жұмыс істейтін Теннеси мемориалдық ауруханасының өкілдері Twitter-дегі ресми парақшада медбикенің тірі және өзін жақсы сезінетіні туралы жазған.
– Медбике Тиффани Довер назарларыңызға рахмет айтты. Ол үйде және өзін жақсы сезінеді. Оның өз отбасымен бірге бола тұрғысы келеді», – деп жазды Тиффани әріптестері.
Бұл хабарлама екпе жасағаннан кейін келесі күні, 19 желтоқсанда, пайда болды. 20 желтоқсанда аурухана әкімшілігі Тиффанидің жағдайы жақсы деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, 19 желтоқсанда желіде Тиффанидің мемориалдық аурухананың қызметкері, әріптесі Лиза Маккласкимен телефон арқылы сөйлескен жазбасы тарады. Ол Тиффанидің тірі, үйде екенін және медициналық көмекке мұқтаж емес екенін жеткізді.
– Иә, Тиффанидің қайтыс болғаны туралы фейк хабарламалар бар. Бірақ ол өлген жоқ, ол тірі және дені сау, ол өз отбасымен бірге. Меніңше, мұның бәрі оған ауыр тиді, өздеріңіз ойлап көріңізші. Журналистер, оны әлеуметтік желілерде тапқан көптеген адамдар. Ол үшін бұл өте ауыр, ол адамдардың өзіне көп назар аударатынына үйренбеген. Тиффанидің өз отбасымен бірге бола тұрғысы келеді, онымен бәрі жақсы», – деді аурухана қызметкері.
Демек, медбике өзін жайына қалдыруды сұраса, әлеуметтік желілерде жазбалардың болмауы және денсаулық туралы мыңдаған сұрақтарға жауап бермеуі қисынды.
Оның үстіне, Тиффанидің туыстары немесе ресми тұлғалар оның қайтыс болғанын растамағанын атап өткеніміз жөн. Қорыта айтқанда, медбике COVID-19 қарсы вакцина алғаннан кейін қайтыс болды деген хабарламалар негізсіз.