Әлемде бірде-бір тиімді вакцина жоқ – фейк
Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары әлемде бірде-бір тиімді вакцина жоқ деген видеороликті талқылауда. Вакцинациялаудың жағымсыз әсерлері жөніндегі кеңесші Лоретта Больган осындай мәлімдеме жасаған. Оның пайымдауынша, ағза вакцина ауру қоздырғышына емес, оның өзіне қарсы антиденелер қалыптастырады. Бұл шындыққа жанаспайды. Неге? Мақаламыздан оқыңыз.
Біріншіден, вакциналардың бірнеше түрі болады. Олардың кейбіреулері әлсіз немесе өлген вирусты, басқалары үшін ДНҚ немесе РНҚ вирустарының бөлшектерін пайдаланады, химиялық вакциналар да бар.
Лоретта Больган вакциналардың тиімсіздігі жайлы болжамында белсенді емес немесе өлі вирус негізінде жасалған типін ғана айтады. Дәл осы компоненттің арқасында ағза антиденелер қалыптастырады. Сәйкесінше, әлсіз емес, нақты вирус адамға әсер еткенде, иммундық жүйе оны оңай жеңе алады, себебі қолында тиісті «қару» бар.
Вакциналардың тиімділігі дәлелденді. Екпелердің арқасында адамзат бұрын өлімге әкелген көптеген ауруларды, мысалы, шешек пен обаны жеңе алды. Сіреспе, полиомиелит, қызылша және басқа да қауіпті ауруларды жұқтыру жағдайларының саны бірнеше есеге азайды.
Лоретта Больган өз теориясының пайдасына дәлел ретінде вирустың мутацияға ұшырау қабілетін келтіреді. Оның пікірінше, олар жиі өзгереді, бір вакцина ойлап тапқанша, жаңа штаммға қарсы жаңа вакцина қажет болады. Шын мәнінде, вирустың бәрі бірдей олай тез мутацияға ұшырамайды. Мысалы, MMR вакцинасы — қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы біріктірілген вакцина 1971 жылы әзірленді, ал қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы бөлек вакциналар, сәйкесінше, 1963, 1967 және 1969 жылдары лицензия алды. Біріктірілген вакцина әлі де тиімді және бірқатар елдерде қолданылады.
Сонымен қатар, спикер COVID-19 қарсы вакцинасы ауруды тудыратын SARS-coV-2 вирусының мутанциялануына байланысты тиімді болмайды деп мәлімдеді. Алайда ғалымдар бұл вирустың өте баяу өзгеретінін дәлелдеді, бұл тиімді вакцинаны ойлап табуға және оны ұзақ уақыт қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, COVID-19 вакцинасы әлі әзірленбеген. Сондықтан оның тиімділігі мен қасиеттері туралы айту әлі ерте.
Кеңесші вакциналарды адамдарға көмектеспей, зиян келтіретініне бірнеше дәлел келтірді. Ол мысал ретінде, полиомиелит пен тұмауға қарсы вакциналарды атап өтті. Шындығында, екеуінің де тиімділігі дәлелденген. Тұмауға қарсы вакцинациялау ауруды жұқтыру қаупін 40-60% төмендетеді, ал полиомиелитпен ауыру жағдайлары вакцина ойлап тапқаннан кейін 99% төмендеді.
Осылайша, вакциналардың пайдасыздығы туралы теория фактілермен жоққа шығарылады. Видеода келтірілген барлық дәлелдер бұрмаланған немесе ойдан шығарылған мәліметтерге сүйене отырып айтылған.