Қазақстанда дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы не білу керек
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң күшіне енеді. Саусақ іздері мен ДНҚ деректерін қашан және кімге тапсыру керек? 2021 жылдан бастап құжаттарды өзгерту керек пе және деректер қайда сақталады? Stopfake.kz осы сұрақтарға жауап іздеді.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң Қазақстанда 2016 жылғы желтоқсанда қабылданды. 2018 жылы осы тіркеуді жүргізу ережелері бекітілді. 2021 жылдан бастап Заң күшіне енеді.
Дактилоскопиялық тіркеу
Дактилоскопиялық ақпарат – бұл адам саусақтарының папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы мәліметтер (яғни саусақ іздері), оған сәйкес оның жеке басын және жеке мәліметтерін анықтай аласыз.
Қалай жұмыс істейді
Қазақстандықтардан дактилоскопиялық ақпаратты немесе саусақ іздерін жаңа құжаттарды ресімдеу – қолданылу мерзімі өткеннен кейін ауыстыру, бастапқы ресімдеу, тегін ауыстыру, жоғалғаннан кейін қалпына келтіру кезінде және т.б. жағдайларда жинай бастайды, бұл ретте өз құжаттарын қажеттілік болмаса, ауыстырудың қажеті жоқ – олар қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды.
Қол саусақтарының папиллярлық өрнектерінің электрондық коды (таңбалары) ІІМ қорғалған дерекқорына шифрленген электрондық түрде және жеке басын куәландыратын құжаттың чипіне енгізілетін болады.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңның 12-бабына сәйкес 2021 жылдан бастап шығарылған биометриялық жеке куәліктердің чиптерінде және төлқұжаттарда мынадай ақпарат болады:
1) тегі, аты, әкесінің аты;
2) туған күні мен жері;
3) жынысы;
4) ұлты (иесінің қалауы бойынша);
5) азаматтығы;
6) фотосурет;
7) саусақтардың және (немесе) қол алақандарының папиллярлық өрнектері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
8) құжаттың берілген күні, номері, қолданылу мерзімі;
9) құжаттар иесінің қолы;
10) жеке сәйкестендіру номері (бар болса));
11) дактилоскопиялық тіркеу жүргізу күні мен негізі;
12) құжат берген орган атауы;
13) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса).
Дактилоскопиялық тіркеуден кім өтеді?
Дактилоскопиялық тіркеуден 16 жасқа толғандар өтуі керек (10-бап):
1) бірінші рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алуға, сондай-ақ оны қалпына келтіру, ауыстыру жағдайларында өтініш жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
3) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
4) бірінші рет шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға немесе оны қалпына келтіруге, ауыстыруға өтініш жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
5) жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) мақсатында үй жұмыскерлері ретінде Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілер;
6) Қазақстан Республикасы шегінен шығарып жіберуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
7) Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.
12-ден 16-ға дейінгі балалар паспортты алған кезде және заңды өкілдің өтініші негізінде келісім бойынша дактилоскопиялық тіркеуден өте алады. 12 жасқа дейін дактилоскопиялық тіркеуге жатпайды.
Геномдық тіркеу
Сондай-ақ Қазақстанда геномдық тіркеу енгізіледі, ол геномдық ақпаратты жинау мен өңдеуге негізделеді.
Геномдық ақпарат – адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дезоксирибонуклеин қышқылының (ДНҚ) белгілі бір фрагменттері туралы кодталған ақпарат.
Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар, сондай-ақ ҚР ҚК 120, 121, 122, 123 және 124-баптары бойынша сотталғандар, биологиялық материалы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған анықталмаған адамдар және танылмаған мәйіттер геномдық тіркеуге немесе ДНҚ жинауға жатады.
Хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары келісім бойынша геномдық тіркеуден өтуі мүмкін.
Саусақ іздері мен ДНҚ деректері қол жетімділігі шектеулі жеке деректерге жатады (8-бап).
«Дактилоскопиялық және геномдық ақпарат мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатады. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинау және өңдеу оны қорғау қамтамасыз етілген жағдайларда ғана жүзеге асырылады», – делінген құжатта.
Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жеке тұлғаны тез және дәл анықтау міндеттерін шешуі, полиция қызметкерлеріне жұмыс істеуге, көші-қон ағынын есепке алу кезінде, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге көмектесуі тиіс.
Әлемде 100-ден астам ел биометриялық тіркеуді енгізу жобаларын жүзеге асыруда. Саусақ іздері Польша, Молдова, Израиль, Эстония және т.б. елдер азаматтарының биометриялық төлқұжаттарында бар.