Fake News

Мектептерде құлпынай дәмі бар кәмпит түріндегі есірткі таратылуда – фейк

WhatsApp мессенджерінде қазақстандық мектептерде балаларға «құлпынай квик» кәмпиттері деп аталатын есірткінің жаңа түрі таралып жатқаны туралы жалған ақпарат таралуда. Хабарламаға сәйкес, балалар оны кәмпит деп ойлайды, нәтижесінде ауыр жағдайда ауруханаға түседі екен. Бұл ақпарат – фейк, оған сенбеген жөн.

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«WhatsApp чаттарында мектептерде балаларға “құлпынай квик” кәмпиттері және құрамында есірткі – кристалды метамфетамин бар басқа да заттар ұсынылуы мүмкін екендігі туралы ақпарат таралуда. Алайда бұл таралым шындыққа жанаспайды.

Қоғамда дүрбелең немесе басқа да жағымсыз салдарды тудыруы мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын есте ұстау қажет. Хабарламаларды таратпастан бұрын барлығын мұқият тексеріп алған жөн.

Сонымен қатар біз ата-аналарға балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын еске саламыз», – делінген ҚР ІІМ Telegram арнасындағы ресми хабарламада.

«Құлпынай квик» есірткісі туралы жалған ақпарат АҚШ-та 2007 жылы тараған. Оны Snopes фактчекері жоққа шығарды. Полиция бұл есірткі туралы қауесет негізсіз деп мәлімдеді.

2025 жылдың қаңтар айының соңында вирустық хабарлама Азияның көптеген елдеріне таралды. Үндістан, Қырғызстан, Шри-Ланка елдерінің интернет-басылымдарында құқық қорғау органдары теріске шығарған ақпарат жарияланды.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button