Алаяқтар Halyk Bank атынан жалған жарнама таратып жүр
Қазнетте Halyk Bank атынан алдап жүрген алаяқтардың жарнамасы шықты. Жалған брокерлердің әрекетінен зардап шеккендерге ақшаны «тез қайтару» ұсынылады – небәрі 72 сағатта. Хабарламада азаматтарды алаяқтардан қорғау үшін қабылданған жалған жарлық туралы айтылған.
Halyk Bank-тің PR-қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Halyk Bank алаяқ брокерлер иемденіп кеткен қаражатты қайтару жөніндегі бағдарламаны іске қосқан жоқ. Бұл жарнаманың банкке қатысы жоқ және ол шындыққа жанаспайды.
Halyk Bank заманауи мониторинг және киберқауіпсіздік жүйелерін қолдана отырып, клиенттеріміздің деректері мен ақшалай қаражатын жоғары деңгейде қорғауды қамтамасыз етеді.
Алаяқтықтың алдын алу мақсатында банк құқық қорғау органдарымен белсенді ынтымақтастық орнатты. Сонымен қатар, банк клиенттерін қауіпсіздік шаралары туралы үнемі хабардар етеді және банктің ресми ресурстарындағы ақпаратты тексеруге кеңес береді.
Банк қазақстандықтарды қырағы болуға және Halyk брендімен байланысты қандай да бір күдікті әрекеттер туралы хабарлауға шақырады», – делінген Halyk Bank-тің ресми хабарламасында.