Fake News

Фейк: «ДДҰ бүкіл әлемді бақылау үшін жаңа құжат әзірлеуде»

Қазнетте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеп жатқан жаңа бітімгершілік келісім қызу талқылануда. Егер құжат қабылданса, ДДҰ жалған пандемия жариялап, локдаундар енгізе алады, сондай-ақ белгісіз препараттармен егу жүргізеді. Бұл келісім АҚШ-тың және кез келген басқа елдің конституциясын алмастырады екен. Бұл өтірік.

Жалған ақпаратты ұлыбританиялық антиваксер Майкл Йидон таратқан. COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері ол жалған ақпарат таратумен белсенді айналысты. 2020 жылдың желтоқсанында Йидон вакцинация әйелдерде бедеулік тудырады деген теорияны алға тартты. 2021 жылдың қараша айында инфекцияның өзіне қарағанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардан балалар өлімі 50 есе артық деген. 2023 жылы вакцина иммунитетті бұзады деп мәлімдеген. Бір жылдан кейін антиваксер пандемия адамдарды бақылауға және оларды бас бостандығынан айыруға арналған дейді. Йидонның осы және басқа да жалған мәлімдемелері ғылыми деректер мен статистикаға мүлдем қайшы келеді. Оның барлық мәлімдемелерін әлемдік фактчекерлер, соның ішінде біздің портал да жоққа шығарды.

ДДҰ келісіміне келетін болсақ, ол бойынша жұмыс 2021 жылы басталды. Құжатты әзірлеуге ДДҰ-ға мүше 194 мемлекет, халықаралық ұйымдар, ғылыми және медициналық мекемелер, жеке сектор және басқалар қатысады.

Шартты әзірлеу туралы барлық ақпарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында қолжетімді. Келісімде ДДҰ болашақ пандемияның алдын алуға көмектесуге және оларға ден қоюға дайын екендігі айтылған. Алайда, құжатта ұйым халықты вакцинациялауды немесе үкіметтердің ресурстарын бақылауды талап етеді деген сөз жоқ. Басты мақсат – пандемияның алдын алу үшін барлық елдердің медициналық көмекке, ақпаратқа және заманауи технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Егер ДДҰ елдері осындай келісімді қабылдаса, ол COVID-19 пандемиясы кезінде анықталған мәселелерді шеше алар еді. Пандемияның алдын алу және тез әрекет ету жүйесі, соның ішінде аурулар таратушы ретінде жануарларды бақылау арқылы құрылатын еді. Сондай-ақ, келісім денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындық үшін тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ол елдер арасындағы сенім мен есептілікті арттыра отырып, бақылау мен ашықтық тетіктерін орнатар еді.

Айта кетейік, келісім жобасының 24-бабының 2-тармағында ДДҰ ұлттық заңдарға немесе елдердің саясатына араласу құқығын алмайды, олардан саяхатқа тыйым салу, вакцинациялау немесе оқшаулау сияқты міндетті шараларды енгізуді талап ете алмайды делінген.

Демек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық бақылау үшін ешқандай құжат әзірлемейді. Келісім болашақ пандемияға дайындықты жақсартуға және елдердің медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол ұйымға әлем елдерінің ұлттық саясатына араласуға ешқандай өкілеттік бермейді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button