Фейк: «БҰҰ жағымсыз ақпаратты таратқаны үшін адамдарды қамауға алуға шақырады»
Әлеуметтік желілерде Біріккен Ұлттар Ұйымы елдерді әлемдік үкімет мүдделеріне сәйкес келмейтін контент жариялайтын азаматтарды қамауға алуға шақыратыны туралы ақпарат талқылануда. Әлемнің барлық көшбасшылары Кашкай декларациясына қол қойған екен, оған сәйкес, БҰҰ-ға жағымсыз ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл рас па, анықтайық.
Постта The People’s Voice журналында жарияланған мақаладан үзінді пайдаланылған. Бұл – фейк жаңалықтар жариялайтын америкалық сайт. Осыған қарап-ақ ақпаратқа сенімсіздік таныта аламыз.
Кашкай декларациясына келетін болсақ, ол 2024 жылдың 26 қарашасында БҰҰ Өркениеттер альянсының 10-шы Жаһандық форумында қабылданды. Форум Кашкайшаның (Португалия) Атлант жағалауында өтті. Онда мемлекет басшылары, жастар, азаматтық қоғам өкілдері мен діни көшбасшылар бас қосты. Олар Альянстың бейбітшілік, бірлік және мәдени қабылдау тұжырымдамасын талқылап, ұсынды. Декларация 25 тармақтан тұрады. Оның ішінде, діни төзімсіздікпен және жалған ақпаратпен, бұрыс мәліметтермен және жеккөрушіліктің барлық түрлерімен күрес те бар.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жағымсыз ақпараттың таралуы азаматтарға негізделген шешімдер қабылдауға кедергі келтіреді деп санайды. Интернеттегі жалған ақпарат пен мәліметтер, жеккөрушіліктің таралуы әлеуметтік келіспеушіліктер туғызады және мемлекеттік институттарға деген сенімге нұқсан келтіреді.
Бұл ретте БҰҰ шектеулер енгізбеуге, керісінше, ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін барынша қамтамасыз ете отырып, БАҚ бостандығы мен тәуелсіздігін қолдауға және қорғауға кеңес береді. Бұл мемлекеттік институттар мен басқару процестеріне деген сенімді нығайтуға септігін тигізеді. Ұйым барлық азаматтарды қатысуға ынталандырып, сындарлы диалог пен пікірталастар құру керек деп санайды.
БҰҰ жағымсыз ақпаратты таратуға тыйым салатыны туралы ақпарат – фейк. Шын мәнінде, Кашкай декларациясында әлемдік үкімет үшін қолайсыз ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ережелер жоқ. Құжат жалған ақпаратпен және жеккөрушілікпен күресу маңызды екенін көрсетеді, бұл ретте БҰҰ цензура енгізуге шақырмайды.