Fake News

Фейк-ньюс: 2024 жылы қазақстандықтарды қалай алдады

Биыл Қазақстанда түрлі қастандық теориялары мен алаяқтық схемалар көп болды. Біз қорытынды шығарып, олардың кеңінен таралғандарына тоқталғанды жөн көрдік.

Белгілі қазақстандықтардың атын жамылған алаяқтар

Интернет-алаяқтар Қазнет пайдаланушыларын түрлі министрлердің, әкімдердің, блогерлердің атынан алдады. Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде ҚР Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелерінің, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, ауыл шаруашылығы министрінің және басқа да көптеген жоғары лауазымды тұлғалардың жалған аккаунттары ашылды.

Схема қарапайым болды. Жалған аккаунттардан қаржылық көмек туралы өтініштер жіберілді. Жауап бергендер фишингтік сілтемелер алып, ақшаларынан айырылды.

Алаяқтар мұнымен шектелмеді. Олар жұмыссыздарға қалалар мен аудандардың Мансап орталықтары қызметкерлерінің атынан қоңырау шалып, өтеусіз гранттар мен әлеуметтік төлемдер ұсынды. Қазақстандықтар алаяқтардың қармағына түспеу үшін мемлекеттік органдар өздерінің ресми парақшаларында ескертулер жариялады.

Жалған дивиденділер мен төлемдер

Киберқылмыскерлер жалған аккаунттар ашумен тоқтаған жоқ. Әлеуметтік желілерде қомақты төлемдер мен дивиденділер туралы хабарландырулар көп тарады. Кеңінен таралған мифтердің бірі уран кен орындарынан төленетін дивиденділер туралы фейк болды. Роликте қазақстандық саясаткер Санжар Бокаевтың қатысуымен кадрлар пайдаланылған. Алаяқтар жасанды интеллектінің көмегімен жалған дауыспен дыбыстап, үкімет әрбір азаматқа уранның жаңа кен орындарынан түскен табыстан 200 мың теңге төлейді деп мәлімдеді. Сілтеме жеке деректерді ұрлауға арналған сайтқа апарады.

Сондай-ақ, алаяқтар жалған брокерлерден зардап шеккендерге өтемақы ұсынды, бұл ретте олар Қазақстан Президенті мен белгілі бизнесмендердің атынан әрекет етпек болды.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцина қауіпті

Танымал фейктердің ішінде адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат бар. Осылайша үкімет халықты зарарсыздандырады екен.

Бұл миф Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйегінде 11 жастан асқан қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау жоспарланып отырғандығы туралы ақпарат аясында өрбіді. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркелетіндіктен, билік вакцинация жүргізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, жыл сайын 600-ден астам әйел осы аурудан қайтыс болады. АПВ жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. Бүгінде 130-дан астам ел, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына осы егуді енгізді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның адамның репродуктивті жүйесі үшін қауіпсіз екендігін растады.

Маймыл шешек – вакцинаның жанама әсері

Конспирологтар дәрігерлерді жалған ақпарат таратты деп тағы да айыптады. Дәрігерлер белдемшелік теміреткені маймыл шешек ауруы деп атаған. Ал белдемшелік теміреткенің өзі COVID-19 қарсы вакцинаның жанама әсерлерінің бірі екен.

Бұл ретте осы оғаш теорияны ойдан шығарғандар Mpox вирустары (маймыл шешегі) мен желшешек – мүлдем басқа топтарға жататын әртүрлі типтегі вирустар екенін ескермеген. Әрине, COVID-19 қарсы вакцинаның өзі белдемшелік теміреткі тудырмайды. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациядан кейін адамдарда бөртпе шыққан жағдайлар болды. Бұған пациенттердің иммундық жүйесінің әлсіреуі себеп.

Бәріне COVID-19 кінәлі

COVID-19 қатысты шу басылмай тұр. Енді қастандық теориясын жақтаушылар пандемия кезінде вакцинация салдарынан басқа аурулар көбейді деп айтып жүр. Жалған ақпарат таратушылар ойға қонымсыз көрсеткіштерді келтіруде. Олардың айтуынша, Америка Құрама Штаттарында COVID-19 қарсы вакцинацияға байланысты қатерлі ісік аурулары 143 233%-ға артқан. Алайда ДДҰ мен денсаулық сақтау мамандары бұл деректерді жоққа шығарды. Олар қатерлі ісік ауруының өсуі пандемияға дейін байқалғанын және пандемия кезінде тек скринингтердің саны ғана азайғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазнетте COVID-19-ға қарсы вакциналар енгізілген сәттен бастап репродуктивті органдар аурулары 700%-ға өсті деген ақпарат тарады. Түсік түсіру және туа біткен генетикалық аурулар саны да өскен екен. Алайда, бұл талаптардың барлығы жалған және ғылыми тұрғыдан расталмайды.

Мемлекеттік органдар, БАҚ және қоғамдық ұйымдар жалған ақпараттармен белсенді күрес жүргізеді, дегенмен, әрқайсымыз мұқият және ақпараттан хабардар болғанымыз жөн. Сақ болыңыз, күмәнді жаңалықтарға сенбеңіз және манипуляцияға берілмеңіз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button