Fake News

Әлеуметтік желілерде COVID-19 туралы фейк ақпараттар топтамасы тарады

Қазнет пайдаланушылары COVID-19 бен саясат туралы фейктердің ерекше топтамасын таратуда. Хабарламада жеті тармақ көрсетілген. Олардың әрқайсысына жеке тоқталайық.

  1. Джон Кеннеди тірі.

Джон Фитцджеральд Кеннеди – АҚШ-тың 35 президенті. Оны өлтіру – конспирологтардың  және түрлі құпияларды ұнататындардың сүйікті тақырыптарының бірі. Джон Кеннедиді Техаста Даллас қаласының орталығында кабриолетпен келе жатқанда, көпшіліктің алдында атып кетті. Оқиға 1963 жылы 22 қарашада болды. Оны өлтіру сәті видеоға түсіп қалған және Джон Кеннедидің өлгеніне күмән жоқ.

Кісі қолынан қаза тапқан Президенттің ұлы, Джон Фитцджеральд Кеннеди кіші әлі де тірі болуы мүмкін деген қастандық теориясы бар. Бұл идеяны QAnon ірі қастандық теориясын жақтаушылар таратады. Шын мәнінде, кіші Кеннеди жұбайымен және оның әпкесімен бірге ұшақ апатынан қайтыс болған. 1999 жылы 16 шілдеде ол бір моторлы ұшақты басқарған. Оның бортында жұбайы Керолайн Бессет Кеннеди мен оның әпкесі Лорен Бессет болған. Кіші Кеннеди тәжірибесіз, бірақ менменсінген ұшқыш еді. Нұсқаушының айтқанына қарамастан, ол тұманды, айсыз түнде ұшып, көкжиектен адасып, ұшақты басқара алмай қалған. Нәтижесінде ұшақ Атлант мұхитына құлаған. Ұшқыш пен жолаушылардың денелері 21 шілдеде судан шығарылды. Келесі күні оларды кремациялап, жерледі.

Демек, кіші Джон Кеннеди немесе үлкені әлі тірі деп ойлауға негіз жоқ.

  1. Вакциналарда микрочиптер бар

Бұл нағыз конспирология. Вакциналарда микрочиптердің болуы екіталай, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көзге көрінбейтін кішкентай чиптер жоқ. Сонымен қатар қандай да бір ақпаратты тарату, сақтау, өңдеу және қабылдап, жұмыс істеу үшін құрылғыны кем дегенде батареямен, антеннамен, қатқыл дискімен және процессормен жабдықтау қажет. Мұның бәрі мөлдір вакцина құтысында көрініп тұратын еді.

Екіншіден, вакцинаның бір құтысында, әдетте, препараттың бірнеше дозасы болатынын айта кеткен жөн. Яғни, бірнеше чип болуы керек және препаратты әр алған сайын олардың біреуі ғана шприцке түсуге тиіс. Егер чиптер көзге көрінбейтіндей кішкентай босла, онда вакцинация жасайтын медбикелер препаратты шприцке алу үшін микроскопты қолданатын еді. Ал олар олай жасамайды.

  1. Вакцина магниттелген

Бұл фейк адамдар екпе салынған иыққа магниттер тартылатынын көрсеткен видеоларға негізделген. Шындығында, вакциналарда магниттік қасиеттерге ие заттар жоқ. Оның үстіне, магнит теріге тартылуы үшін оның астында металл көп мөлшерде болуы керек. Біріншіден, вакцинасы бар мөлдір құтыларда ол бірден байқалатын еді, екіншіден, шприцтің жұқа инесіне сыймайды.

  1. Вакцина әзірленген сәттен бастап өлімге әкелуде

Бұл дәлелсіз және қисынсыз. Біріншіден, COVID-19 қарсы вакциналар шығарылғаннан бері бір жарым жыл өтті. Осы уақыт аралығында вакцинацияланбаған адамдар да әртүрлі себептермен қайтыс болды. Сонымен қатар кейбір адамдар жол апатынан, өрт, кісі өлтіру, соғыс және басқа да вакцинацияға қатысы жоқ оқиғалар салдарынан көз жұмды. Сондай-ақ, вакцинаны алғанға дейін дамыған созылмалы ауруларды өлім себептеріне жатқызуға болады. 

Жалпы, 2020 жылдың желтоқсанында әлемдегі барлық өлім-жітім COVID-19 қарсы вакциналарға байланысты болғанына ешқандай дәлел жоқ.

  1. COVID-19 5G бағаналарынан туындайды

Бұл ғылымға қарсы идеяның ешқандай негізі жоқ. 5G – бұл 3G және 4G-ден жоғары жылдамдық пен өткізу қабілеттілігімен ерекшеленетін жаңа буындағы байланыс форматы. Технология вирустарды ауа арқылы тарата алмайды. Бұл туралы ғалымдар да, фактчекерлер де бірнеше рет жазды.

  1. COVID-19 – бұл тұмау

Біріншіден, тұмау мен COVID-19 – бұл әртүрлі аурулар. Олар әртүрлі вирустардан туындайды, белгілері мен жұқпалылығы, сондай-ақ өлім-жітім көрсеткіштері әртүрлі.

Екіншіден, бұл теория COVID-19 5G бағаналарынан туындайды деген алдыңғы тезиске қайшы келеді. Өйткені, егер тұмау мен COVID-19 бірдей болса, онда тұмауға да жаңа форматтағы байланыс себеп болатын еді. Алайда, бұл шындыққа жанаспайды, тарихтағы ең ірі тұмау ошағы – Испан тұмауы пандемиясы 5G технологиясы ойлап табылғанға дейін көп уақыт бұрын болған.

  1. COVID-19 ауруы жоқ

Бұл жалған. COVID-19 ауруын дүниежүзінде 690 миллионнан астам адам жұқтырған , оның салдарынан алты миллионнан астам адам қайтыс болды.

Бұл тезис объективті шынайылыққа ғана емес, алдыңғы екі теорияға да қайшы келеді. Егер COVID-19 ауруы болмаса, онда 5G бағаналары оны қоздыра алмайды. Егер COVID-19 бен тұмау екеуі бір болса, онда бұл ауру бар, өйткені тұмаумен өмірінде бір рет болсын ауырғандар бар және мұны жоққа шығару мүмкін емес.

Демек, жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде таралған ақпарат негізсіз, көбінесе ғылым мен объективті шынайылыққа қайшы келетін ескі фейктер топамасы деуге болады. Оларға сенбеген жөн.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button