Қазнетте ірі банктің атынан фейк ақпарат тарады
Telegram-да тараған ақпаратқа сәйкес, пайдаланушыға Halyk Bank-тен 50 мың теңгеден төлем жасалады. Акция бірнеше аптаға жалғасады және қолма-қол ақшаны алу үшін сілтеме бойынша өту керек. Бұл алаяқтық.
Halyk Bank-тің ресми сайтында төлемдер туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ банктің Instagram-дағы және Facebook-тегі ресми парақшаларында тиісті ақпарат жарияланбаған.
«Бұл алаяқтардың ісі. Сақ болып, карта деректерін, СМС-кодтарды және басқа да құпия ақпаратты айтпаңыз. Алаяқтар өздерін әртүрлі банктердің өкілі ретінде таныстырады», – деп хабарлады банктің клиенттерді қолдау қызметінен.
Жарнамада ұсынылған сілтеме белгісіз сайтқа апарады. Бұл фишингтік сілтеме. Осылайша, алаяқтар пайдаланушылардың құпия ақпаратына қол жеткізеді. Олар жеке аккаунттардың, мобильді банкингтің логиндері мен парольдерін және т.б. біліп алады. Алаяқтықтың бұл түрі туралы біз бірнеше рет жазған болатынбыз.
Демек, Halyk Bank-тің атынан 50 мың теңге көлеміндегі төлем туралы таралған ақпарат – фейк.