Фейк: «Солтүстік магниттік полюстің жылжуынан балық бағыт-бағдарын жоғалтады»
Әлеуметтік желі қолданушылары солтүстік магниттік полюстің көшуіне байланысты бағыт-бағдарын жоғалтқан балықтар үшін алаңдауда. Хабарлама авторы полюстің ауысуы туралы айтқан болар. Шын мәнінде не болып жатқанын анықтайық.
Географиялық Солтүстік полюстің бар екендігі баршаға мәлім. Одан бөлек, солтүстік магниттік полюс, сондай-ақ Геомагниттік Солтүстік полюс бар. Осы үш түрлі полюстің барлығы Арктикада орналасқан. Оңтүстік полюсте де осылай.
Сонымен қатар, Жердің – магнит өрісін тарататын үлкен магнит екенін атап өткен жөн. Ал, оның екі орталығы полюстерде орналасқан. Ең күшті магнит өрісі – Солтүстік магниттік полюсте. Бағытты анықтайтын компастар дәл осы жерді көрсетеді.
Жердің магнит өрісі үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан солтүстік магниттік полюс қозғалуға бейім. Мысалы, ХХІ ғасырдың басында ол арктикалық Канаданың солтүстігінде болды. Осы күнге дейін ол солтүстік-батысқа қарай жылжыды.
2010 жылы НАСА жаһандық климаттың өзгеруіне арналған жаңа порталды іске қосты. Онда магнит өрісінің өзгеруі планетамыздың климатына қалай әсер ететіні туралы егжей-тегжейлі мақала шықты. Сондай-ақ қызықты ақпарат, соның ішінде Солтүстік магнит өрісінің ығысуы туралы мәліметтер көп. Атап айтқанда, оның нақты орналасқан жері алғаш рет 1831 жылы анықталды. Содан бері ғалымдар өрістің ығысу жылдамдығы жылына 16 км-ден 55 км-ге дейін өскенін байқады. Шынында да, мұндай ығысу бағыт-бағдарға әсер етеді. Мұны ескеру керек. Бүгінгі таңда Солтүстік және Оңтүстік магниттік полюстердің климатқа айтарлықтай әсер ететіндігіне ғылыми дәлелдер өте аз.
Полюстердің өзгеруі Жер тарихында жиі кездеседі. Палеомагниттік жазбаларға сәйкес, магниттік полюстер соңғы 83 миллион жылда кем дегенде 183 рет, ал соңғы 160 миллион жылда жүздеген мәрте өзгерген. Ғалымдар ауысудың нақты уақыт аралықтарын білмейді. Ол ауытқып отырады, орта есеппен 300 мың жылды құрайды. Соңғысы шамамен 780 мың жыл бұрын болған.
Ең бастысы, полюстер ауысқан кезде магнит өрісі әлсірейді, бірақ толығымен жойылмайды. Жер атмосферасы магнитосферамен бірге біздің планетамызды зарядталған күн бөлшектері мен ғарыштық сәулелерден қорғайды.
Полюстердің қашан ауысатынын ешкім білмейді. Қалай болғанда да, бұл кенет болмайды. Ғалымдардың айтуынша, өзгерістер жүздеген, тіпті мыңдаған жылдарға созылады.
Палеомагниттік зерттеулерге сәйкес, қазіргі кезде Жердің магнит өрісі соңғы 100 мың жылдағыдай күшті. Тіпті 1 миллион жылдағы орташа көрсеткіштен екі есе қарқынды.
Балықтар қозғалысында басқа жануарлар секілді Жердің магнит өрісін қолданатыны белгілі. Олар қарқындылық пен бұрышты сезеді, осылайша орналасқан жерлерін нақты анықтайды. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қабілет магнетиттің әсерінен қалыпатсқан. Зерттеушілер құстар мен балықтардың тіндерінен дәл осы минералды тапқан.
2014 жылы магнит өрістерінің балықтардың мінез-құлқына әсері зерттелді. Құртшабақтар екі топқа бөлінді. Біреуі қалыпты жағдайда өссе, екіншісі магнит өрісі бұрмаланған резервуарда болды. Жасанды магнит өрістері балықтарға теріс әсер ететіні анықталды, олар бағыт-бағдарынан айырылған.
Демек, су мекендеушілеріне алаңдауға негіз жоқ. Олар табиғи жағдайда тіршілік етеді, сондықтан Жердің магнит өрісін пайдалана отырып кеңістікте бағдарын жоғалтпайды. Сондай-ақ, солтүстік магниттік полюстің қозғалуынан қорықпау керек. Өйткені, бұл көптен бері болып жатқан процесс.