Фейк: «СО2 климатқа теріс әсер етпейді»
Instagram-да көмірқышқыл газының климатқа зияны туралы ақпарат тарады. Онда жылыжай иелері өсімдіктердің тез өсуіне септігін тигізу үшін көмірқышқыл газын өндіретін арнайы қондырғылар сатып алады делінген. Пайдаланушылардың пікірінше, көмірқышқыл газы жылыжайлардағы табиғатқа көмектессе, онда одан тыс жерлерде зиян тигізбейді. Осыған орай, олар СО2 – пайдалы газ, ал оның климатқа зиянды әсері туралы ақпарат жалған деген қорытынды шығарады. Шындығында, бұл жаңсақ пікір.
Көмірқышқыл газы – Жер атмосферасының маңызды компоненттерінің бірі. Ол бұрыннан бар, мұны ежелгі мұздықтардағы көпіршіктерден алынған ауа сынамалары растайды.
Көмірқышқыл газы парниктік газ болып табылады. Яғни, ол жылуды сақтайды. Бұл былай жүзеге асады: күн сәулелері Жер бетіне жетіп, одан шағылысып, біз жылу секілді сезінетін инфрақызыл сәулеленуге айналады. Мұны жылы күнде алақаныңызды қара тастың үстіне қойып, анық сезуге болады. Әдетте, шағылысқан инфрақызыл сәулелердің бір бөлігі Жер атмосферасында қалады, ал екіншісі қайта ғарышқа бағытталады.
Көмірқышқыл газы молекулаларының құрылымына байланысты инфрақызыл толқындармен әрекеттесе алады. Бұл ретте толқындар әртүрлі бағытта тарала бастайды, соның ішінде қайта Жерге оралады.
Егер атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері қалыпты шекте болса, онда жоғарыда аталған процесс климаттың өзгеруіне әкелмейді. Сонымен қатар, көмірқышқыл газы өсімдіктердің фотосинтезі мен өсуіне ықпал етеді, олардың даму жылдамдығы мен құнарлылығына тікелей әсер етеді. Бұл үшін жылыжай иелері осы газды өндіруге арналған қондырғыларды сатып алады.
Алайда, СО2 мөлшері артса, жердегі температура көтеріле бастайды.
Ғылыми ортада атмосферадағы көмірқышқыл газының қалыпты мөлшері 350 ppm-ге тең болуы керек деген консенсус бар, мұндағы ppm – «миллионға шаққандағы бөлшектер» дегенді білдіреді, яғни 350 ppm – бұл атмосферадағы миллион басқа бөлшектерге шаққандағы 350 көмірқышқыл газының бөлшегі. Ашық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы ауадағы CO2 мөлшері 418,56 ppm болды. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатқандықтан, көмірқышқыл газының климатқа теріс әсері туралы пікірлер ойдан шығарылмағанын түсінеміз.
Ғалымдар соңғы жылдары Жер бетіндегі температураның тұрақты түрде көтеріліп жатқанын байқады. Қазірдің өзінде бұл мұхиттардың жылынуына, мұздықтардың еруіне, табиғи апаттардың жиілеуіне, жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлерінің жойылуына әкелуде.
Демек, CO2 қауіпсіздігі мен пайдасы туралы пікірлер манипуляция болып табылады. Бұл газ планета үшін қалыпты мөлшерде қауіпсіз, бірақ концентрациясы жоғарылаған сайын, ол Жердің климатына қауіп төндіреді.