Дәлелсіз: «U2 тобының концертінде ақыл-ойды бақылау әдістері қолданылды»
Әлеуметтік желілерде жақында өткен U2 рок-тобының концерті талқылануда. Бұл Лас-Вегаста салынған жаңа, үлкен сфералық концерт залында өткен алғашқы шара. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, шоу кезінде музыканттар сананы бақылау элементтерін қолданған. Бұл өтірік.
«Сферадағы» U2 концерті 2023 жылдың басты музыкалық оқиғаларының бірі болды. Аты аңызға айналған музыканттар 1991 жылғы «Achtung Baby» альбомының негізінде шоу ұйымдастырып, сахна төрінде Элвис Преслиге, The Beatles және басқа да музыка аңыздарына тағзым етті. «Сфера» концерт залы супер заманауи технологиялармен жабдықталған, миллионнан астам LED дисплей кез келген кескінді шынайы жеткізуге мүмкіндік береді, көрермендер өздерін шөлде, ғарышта немесе басқа бір жерде жүргендей сезінді.
Желіде концерт үзінділері бар. Жазбада музыканттардың артындағы экрандарда әртүрлі сөздер, сандар мен суреттер жыпылықтап тұрғанын көруге болады. Желі қолданушылары ақыл-ойды басқару нақ осылай жүзеге асырылады деп санайды. Суреттер тым тез алмасып отырады, бұл түпсанаға әсер етеді екен.
Шындығында, мұндай әсер ету мүмкін емес. Видео қатарына көрінер-көрінбес жазулар мен суреттерді қосу арқылы адамды бір іс-әрекетке немесе белгілі бір ойға итермелеуге болады деген теория жалған және фальсификация. Ол 25 кадр теориясы деп аталады және бұл туралы алғаш рет 1957 жылы айтылған. Маркетолог Джеймс Викари эксперимент жүргізген екен. Ол кинотеатрларда көрсетіліп жатқан фильмдерге «Кока-кола» мен попкорн сатып алуға шақыратын мәтінмен қысқа, көзге көрінбейтін суреттерді қосқан. Нәтижесінде, Викаридің айтуынша, бұл театр позицияларының сатылымы айтарлықтай өскен, бұл 25-кадрдың тиімділігін дәлелдеді. Алайда, 1962 жылы Викариден экспериментін қайталауды сұрағанда, ол ештеңе жасамағанын және фильмдерге 25-кадр қоспағанын көпшілік алдында мойындады. Ол осы экспериментті өзіне назар аударту және танымал болу үшін ойлап тапқан екен. Басқа ғалымдар 25-ші кадрмен экспериментті қайталауға тырысты, бірақ адамдардың санасына немесе түпсанасына бұл еш әсер етпеді.
Демек, таралған видеоға сенбеген жөн. Онда айтылған ақпарат болмаған эксперимент пен қастандық теориясына негізделген.