Фейк: «ДЭФ қолма-қол ақшадан бас тартуды және әлемде әлеуметтік несие жүйесін орнатуды талап етуде»
Telegram-да пайдаланушылар Дүниежүзілік экономикалық форум барлық мемлекеттерге қатаң талаптар қойды деп жазуда. Ұйым қолма-қол ақшаны алып тастап, әлемде әлеуметтік несие жүйесін құруды талап етіп отыр екен. Бұл өтірік.
Бұл жаңалықтың көзі – ағылшын тілді The People’s Voice порталы. Бұл нақты фактілерді бұрмалап, қастандық теорияларын тарататын, ақпаратты ойдан шығаратын сенімсіз жаңалықтар сайты.
Дүниежүзілік экономикалық форумның ресми сайтында ұйымның қолма-қол ақшаны жоюды және әлеуметтік несие жүйесін қолдайтыны туралы мақалалар жоқ.
Сонымен қатар ұйымның сайтында олардың миссиясы саясаткерлер, кәсіпкерлер, белсенділер мен өнертапқыштар арасында ресурстардың жетіспеушілігі, климаттың өзгеруі және т.б. сияқты адамзат алдында тұрған мәселелерді бірлесіп шеше алатындай іскерлік және серіктестік байланыстарды қалыптастыру болып табылады деп жазылған. Елдерге қандай да бір талаптар қоюға, үкіметтерді белгілі бір шешімдер қабылдауға мәжбүрлеуге ДЭФ-тің өкілеттігі жоқ.
ДЭФ-тің қолма-қол ақшаны жоюға және әлеуметтік рейтингті енгізуге қатысты талаптары туралы ірі және сенімді БАҚ-та жазылмаған. Демек, таралған ақпарат – бұл сенімсіз сайт ойдан шығарған тағы бір жаңалық. Оған сенбеген жөн.