Fake News

Фейк: «Вакцинациядан кейінгі өлімнің 73,9%-ы COVID-19 қарсы вакциналардан болды»

Әлеуметтік желі қолданушылары The Lancet ғылыми журналы COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болғандардың 73,9%-ы екпенің ағзаға зиянды әсерінен көз жұмғандарын дәлелдеген зерттеу жариялады деп жазды. Бұл рас па? Тексерейік.


Таралған скриншотта вакциналардың өлімге әкелетінін дәлелдеген зерттеудің атауы көрсетілген екен. Ол «COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болғандарды тексеру нәтижелеріне жүйелі шолу» деп аталады (A Systematic Review of Autopsy Findings in Deaths After COVID-19 Vaccination – ағылш.)
Алайда, The Lancet журналында бұл зерттеу ешқашан жарияланбаған, себебі бұл рецензияланған ғылыми жұмыс емес, препринт болған.
Зерттеу туралы Preprints with The Lancet порталында жазылған. Онда ғылыми қауымдастық әлі мақұлдамаған рецензияланбаған жұмыстар ғана жарияланады. Порталда «Мұнда қол жетімді препринттер Lancet журналының жарияланымы болып табылмайды және Lancet журналының қарауында болуы міндетті емес»

Қазіргі уақытта зерттеу мәтіні қол жетімсіз. Preprints with The Lancet мамандары тексергеннен кейін өшірілген. Мұның себебі ретінде «зерттеу нәтижелері зерттеу әдістемесімен расталмайды» деп көрсетілген. Демек, авторлар таңдаған әдіс вакцинациядан кейін қайтыс болғандардың 73,9%-ы дәл осы препараттың салдарынан көз жұмғанын дәлелдемеген.
Олай болса, Қазнетте таралған хабарлама жалған. The Lancet ғылыми журналы COVID-19 қарсы вакциналардың қауіптілігін дәлелдейтін зерттеу жариялаған емес. Қарастырылып отырған жұмыс рецензиядан өтпеген және ондағы тұжырымдар ғылыми тұрғыдан негізсіз болғандықтан алынып тасталған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button