Конспирология

Фейк: «Құстар сияқты жасалған дрондар ормандарды өртейді»

Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар құстарға ұқсайтын және орман мен даланы өртей алатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының бар екені туралы теорияны талқылауда. Мұндай идеялар қайдан шықты және оларға негіз бар ма? Анықтайық.

Құс секілді дрондар туралы теория Birds aren’t real қозғалысының (құстар шын емес – ағылш.) идеяларына негізделген. Ол нақты, тіпті философиясы егжей-тегжейлі жазылған және футболка, жалау, кепка және тағы басқа жарнамалық өнімдер ұсынатын жеке сайты да бар.

Порталда 1950 жылдардың аяғынан бастап АҚШ үкіметі 12 миллиард құсты жойып, оларды адамдарды барлық жерде және үздіксіз қадағалап отыруға арналған жоғары технологиялық ұшқышсыз ұшу аппараттарымен алмастырғаны туралы егжей-тегжейлі баяндалған. Сондай-ақ, кейбір сұрақтарға жауаптар да берілген, мысалы, құстар шын болмаса, сатылып жатқан құс етін қалай түсіндіруге болады? Қозғалысты жақтаушылардың пікірінше, бұл синтетикалық ет және адамдарда күдік тудырмау үшін әдейі жасалған. Сайттың хабарлауынша, құстардың қиы – бұл сұйық бақылау құрылғылары. Сондықтан олар көліктерге көп түседі. GPS трекерлері сияқты жұмыс істей отырып, олар автомобильдер қозғалысын бақылайды. Қозғалыстың өкілдеріне сенетін болсақ, құс жұмыртқалары бұл рас жұмыртқаларға ұқсайтын қолдан жасалған заттар, және олар тек адамдарды алдау үшін ғана қажет. Birds aren’t real тобының мүшелері жағажайлар мен қоқыстардан тамақ іздеген шағалалар оны жемей, адамдарға ДНҚ талдау жүргізу үшін Пентагонға апарады дегенге сенеді.

Бұл сандырақ сияқты естіле ме? Дәл солай. Теорияның авторы, студент Питер МакИндо бұл идеяны 2017 жылы дамыта бастаған. Ақылға қонымсыз және оғаш теорияны ойдан шығарылған фактілермен және «ғалымдар» мен «Орталық барлау басқармасының агенттері» болып киінген адамдармен сұхбаттар өткізіп, дәлелдеп, Питер нақ осындай «дәлелдер базасының» негізінде пайда болған қазіргі қастандық теорияларын мазақ етпек болған.

Питер Макиндоның өзі және оған Birds aren’t real қозғалысын дамытуға көмектесетін жолдастары әртүрлі конспирологиялық теориялары естіп өскендерін айтып, енді «ақымақтықты ақымақтықпен жеңуге» тырысып жатқандарын айтады. 

Шын мәнінде, заманауи технологиялармен құстарға ұқсайтын дрондар жасау мүмкін емес. Әрине, кейбір дрондар қанаттылар секілді құрастырылады, дегенмен, оларды көгершіннен немесе шағаладан бірден ажыратуға болады.

Демек, кейбір желі қолданушылары қастандық теориясына әдейі жасалған пародияға да сеніп қалды. Аспанда ұшатын, тоғандарда жүзетін және жерде жүретін құстар – орман мен даланы өртейтін қолдан жасалған бақылау құрылғылары емес, тірі жандар.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button