Фейк: «WhatsApp-та суреттерді жіберу арқылы адамдар өз деректерің алаяқтарға береді»
StopFake.kz редакциясына хабарласқан оқырмандар WhatsApp-та тараған суреттердің қауіптілігі туралы ақпаратты тексеруді сұрады. Достарына қайырлы таң немесе қайырлы түн тілектерімен суреттерді жібере отырып, пайдаланушылар өздерінің жеке мәліметтерін алаяқтарға береді екен. Бұл олай емес.
Бұл хабарлама – ескі фейк. Ол 2020 жылы Ресейде, Тәжікстанда және Үндістанда көп тарады.
Ал Қазнетке 2022 жылдың басында «келді», бірақ орыс тілінде. Біз бұл хабарламаның сенімсіз екендігі туралы жаздық.
Қазір фейк қазақ тіліне аударылып, пайдаланушылар арасында қайта таралуда.
WhatsApp-та сурет жіберу арқылы жеке деректерін алаяқтарға берген адамдар жоқ. Сонымен қатар алаяқтар зиянды бағдарламалық жасақтаманы «Қайырлы таң» деп жазылған суреттерде «жасырады» немесе басқа суреттерді қолданбай, осылармен ғана шектеледі деуге ешқандай негіз жоқ.
Бұдан басқа, ақпаратта Shanghai International China News ұйымы суреттермен бөлісудің қауіпті екендігі туралы ресми түрде ескертті делінген. Алайда оның қандай ұйым және немен айналысатыны белгісіз. Атауына қарап, бұл бұқаралық ақпарат құралы деп пайымдауға болады, бірақ Қытайда мұндай атаумен телеарналар да, жаңалықтар порталдары да жоқ.
Сонымен қатар фишинг ақпаратта сипатталғандай емес, басқаша жұмыс істейді. Фишингпен айналысатындар әдетте жалған қорғалмаған сайттар мен төлем жасау нысандарын әзірлейді. Пайдаланушы онда өз картасының деректерін енгізгенде, оны алаяқтар көріп отырады. Желіде осындай қауіп-қатерден қорғанудың жолдары туралы біз жазған болатынбыз.
Фишингтік сайттарды қалай тануға болады және олар неге қауіпті