Fake News

Фейк: «ҚР Үкіметінде міндетті вакцинациялау туралы заң қабылданбақ»

Қазнет қолданушылары Үкіметте жаппай вакцинация туралы заң қабылданатыны туралы ақпарат таратуда. Мәтінде қарсы дауыс беру бойынша нұсқаулық берілген. Алайда, іс жүзінде Қазақстанда мұндай заң қабылдау жоспарда жоқ.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Ведомствоның хабарлауынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адамдар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуы тиіс. Соған қарамастан, Кодекстің 77-бабына сәйкес азаматтар вакцинациядан бас тартуға құқылы.
– КВИ қарсы вакцинация эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізбесіне енгізілген. Бұл ретте егулер вакцина салдыратын адамдардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Бұл ретте, ведомство өкілдері бүгінгі таңда міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулар тізбесін кеңейту жоспарда жоқ екенін атап өтті.
Қазіргі кезде бірден бірнеше эндемикалық емес елде тіркеліп отырған маймыл шешегіне келетін болсақ, әзірге қазақстандықтар оған қарсы егілмейді.

– Ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды және маймыл шешегінің тіркелуін ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы инфекцияға қарсы жаппай вакцинация жүргізуді ұсынбағанын қосымша хабарлаймыз. Бұл маймыл шешегі ауруының жоғары жұқпалы инфекцияларға жатпайтындығымен байланысты және оны жұқтыру үшін науқаспен тығыз қарым-қатынас болуы қажет», – деп түсіндірді министрліктегілер.

Демек, Қазақстанда бас тарту мүмкіндігінсіз міндетті вакцинация енгізу бойынша жоспарлар туралы таралған ақпарат – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button