Фейк: «Қазақстан әскери іс-қимылдарға қатысу үшін әскер жібереді»
Мессенджерлерде Қазақстан елдің батысы мен солтүстігіне әскер тартып, Украинаға қарсы соғысқа қатысатыны туралы ақпарат тарады. Бұған әскери техниканың Қазақстан ішіндегі қозғалысы дәлел ретінде ұсынылып отыр. ҚР Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствода түсіндіргендей, таратылған видеода әскери техникалардың әскерлердің жауынгерлік даярлық шеңберіндегі қозғалысы көрсетілген. Бұл – жоспарлы іс-шара.
– Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің оқушыларына практикалық сабақтар өткізу үшін Семей гарнизонынан Щучинск қаласына әскери техника жөнелтілді. Үстіміздегі жылдың 25 ақпаны мен 3 наурызы аралығында Қарағандыдан Гвардейск гарнизонына, сондай-ақ Алматыдан Ақтау гарнизонына әскери техника жіберілді. 1-4 наурыз аралығында Шымкенттен Таразға, Түркістанға, «Айша-бибі» полигонына және кері бағытта Қарулы күштерге тиесілі техникалардың қозғалысы жоспарланып отыр. Аталған кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әскери техникаларды темір жол көлігімен Батыс Қазақстаннан елдің оңтүстік бөлігіне жоспарлы түрде жеткізу іске асырылу үстінде», – делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми Telegram-арнасында.
Әскери техниканың қозғалысы туралы, бұған дейін БАҚ-та хабарланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі Қазақстан Украина аумағына әскер жібереді деген қауесетті жоққа шығарды:
«Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді ел Президентінің тиісті ұсынысы негізінде Парламент қабылдайды. Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе одан басқа елге жіберу туралы сұрау түскен жоқ және тиісті түрде қаралып та жатқан жоқ».