Манипуляция: «КВИ қарсы вакцинаның бустерлік дозасы обыр жасушаларының өсуін күшейтеді»
Қазнет пайдаланушылары ғалымдар COVID-19 қарсы вакциналардың бустерлік дозасының қатерлі ісік жасушаларының өсуіне әсер ету фактісін дәлелдеді деп жазуда. Бұл олай емес.
Covid-диссиденттер өз дәлелдерін Pfizer/BioNTech шығарған вакцинаның үдеткіш дозасын алған пациентте ангиоиммунобластикалық Т-жасушалық лимфоманың жедел дамуы орын алған бір клиникалық жағдайдың сипаттамасына сүйенеді.
Есепте обыр жасушаларының өсуі нақты вакцинаның әсерінен болғаны айтылмаған. Онда: «Бұл жағдайды AITL немесе TFH жасушалары қатысатын басқа перифериялық Т-жасушалық лимфомасы бар науқастардың популяциясына экстраполяциялау мүмкін бе, жоқ па, соны анықтау үшін арнайы зерттеулер қажет» деп жазылған.
Мұндай зерттеулердің нәтижелерін алғанға дейін вакцинаның бустерлік дозасы қатерлі ісік ауруының дамуына әкеледі деп айту негізсіз.
Сонымен қатар, КВИ қарсы вакцинаның бустерлік дозасы SARS-CoV-2 вирусының әртүрлі нұсқаларына, соның ішінде омикрон нұсқасына қарсы күшейтілген қорғауды қамтамасыз ете алатындығын растайтын толық ғылыми деректер бар екенін атап өткеніміз жөн. Огайо Мемлекеттік университеті кешенді орталығының – Артур Дж. Джеймс атындағы онкологиялық аурухана мен Ричард Дж. Солове ғылыми зерттеу институтының ғалымдары тиісті зерттеу жүргізді. Олар вакцинациядан кейін қатерлі ісік жасушаларының өсуі туралы хабарлаған жоқ.
Демек, COVID-19 қарсы вакцинаның бустерлік дозасы қатерлі ісік ауруының дамуына әкелетіні манипуляция болып табылады. Ол бір ғана жағдайға негізделген және вакциналардың қатерлі ісік ауруларына шалдыққан адамдарға тиімді әсері туралы кең ауқымды зерттеулердің нәтижелерін ескермейді.