Фейк: «Халықаралық банктің құпия құжаты пандемияның 2025 жылға дейін жалғасатынын дәлелдейді»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде дүниежүзілік қастандықтың «дәлелімен» бөлісуде. Пайдаланушылар пандемия тек 2025 жылы аяқталады деп жазылған Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық даму қауымдастығы құжатының скриншотын таратуда. Бұл жалған.
Желі қолданушылары айтып отырған құжат бар және баршаға қолжетімді.
Онда COVID-19 пандемиясының қашан аяқталатыны туралы болжам жасалмаған. Іс жүзінде құжатта «осы жаһандық пандемиямен және оның салдарымен күресте ХДҚ және ХҚДБ бағдарламасына қатысуға құқығы бар елдерге» көмек пен қолдау көрсету тетіктері сипатталған. Бұл тізімге Ауғанстан, Аргентина, Кабо-Верде, Камбоджа, Конго Демократиялық Республикасы, Джибути, Эквадор, Эфиопия, Гамбия, Гана, Гаити, Үндістан, Кения, Қырғыз Республикасы, Мальдив, Мавритания, Моңғолия, Пәкістан, Парагвай, Сан-Томе және Принсипи, Сенегал, Сьерра-Леоне, Шри-Ланка, Тәжікстан, және Йемен кірген.
Яғни, құжат пандемияны жоспарлауға емес, мұқтаж елдерге көмек таратуға арналған.
Бұл бағдарлама 2020 жылдың 2 сәуірінен 2025 жылдың 31 наурызына дейінгі кезеңге арналған. Яғни, осы кезеңде банк COVID-19 пандемиясы кезінде қолдауды қажет ететін елдерге барынша көмек көрсетеді.
Халықаралық қайта құру және даму банкінің пандемия жариялауға немесе оны ұзартуға құқығы жоқ. Сонымен қатар, пандемияның аяқталуы белгілі бір органдардың мәлімдемесіне емес, бүкіл әлемдегі COVID-19 аурушаңдық деңгейіне байланысты.
Демек, желіде табылған құжат Халықаралық қайта құру және даму банкінің қызметкерлері қандай да бір құпия ақпаратты білетінін емес, банктің мұқтаж елдерге көмек көрсететінін ғана дәлелдейді.