Фейк: «Эпидемиолог Sars-CoV-2 вирусының ешқашан оқшауланбағанын растады»
Қазақстандықтар COVID-19 қоздырғышы SARS-CoV-2 коронавирусы ешқашан оқшауланбаған, демек, ол ойдан шығарылған деген конспирологиялық және толығымен ғылымға қарсы теорияны дәлелдеуге тырысуда. Бүгінде бұл теорияны жақтаушылар әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде патоген Кох постулаттарына сәйкес бөлінбеген деп мәлімдеген доктор Игорь Гундаровтың сұхбатымен бөлісуде. Мұның бәрі өтірік.
Игорь Гундаров Ресейдің «ең құрметті эпидемиологы» емес. Оның медициналық білімі бар және РЖҒА академигі. Алайда, бұл академияға білімі жоғары және мүшелік жарна төлеуге дайын кез келген адам мүше бола алады.
Бұл Гундаровтың вирусология немесе эпидемиология саласындағы беделді тұлға екенінің белгісі емес. Сонымен қатар, ол бұған дейін COVID-19 пандемиясы туралы жалған және ғылымға қарсы ақпарат таратқан.
Оның Sars-CoV-2 вирусы ешқашан оқшауланбаған деген сөздері де өтірік.
Кох постулаттары адамзат вирустардың бар екендігін анықтағанға дейін шыққан. Кохтың өзі тірі кезінде «Микроорганизм ауру адамдардың (немесе жануарлардың) ағзасында ұдайы болады және сау адамдарда болмайды» деген бірінші постулаттан бас тартқан. Себебі іш сүзегі мен тырысқақтың симптомсыз тасымалдаушылары анықталды.
Кохтың екінші постулатын вирустарға да толық дәрежеде қолдануға болмайды. Онда: «Микроорганизм науқас адамнан (немесе жануардан) оқшаулануы тиіс және оның штаммы таза өсінді боулы керек» делінген. Вирустар тірі жасушадан тыс өмір сүре алмайтындықтан, таза өсінді алу мүмкін емес.
Сондықтан Томас Риверс Кохтың постулаттарын қайта қарап, оларды вирустарға қолдануға болатындай етіп бейімдеді.
Sars-CoV-2 вирусы осы бұрын қайта қаралған постулаттарға сәйкес толығымен оқшауланды.
Оның геномы да толық ашылып, зерттелген, ал вирустың микроскоппен түсірілген фотосуретін Желіден оңай табуға болады.
Sars-CoV-2 вирусын Кох постулаттарын сақтай отырып, оқшауламаған деген теорияны қазақстандық және шетелдік фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.
Демек, Игорь Гундаровтың SARS-CoV-2 коронавирусының оқшауланбаған, демек, ол – жоқ деген сөздері жалған. Патоген оқшауланған, оның геномы ашылды және алынған мәліметтер негізінде олардың әсерінен туындайтын ауруға қарсы тиімді және қауіпсіз вакциналар жасалды.