Фейк: «Барлығын егу үшін КВИ вакцинасын ауаға шашады»
Telegram чаттарында COVID-19 қарсы вакцинаны адамдарға айтпастан ауаға шашады деген ақпарат тарады. Пайдаланушылар Қырым федералды университетінде әзірленген препарат туралы жаңалықтарды оқып, осындай қорытындыға келген. Екпе басқа вакциналар сияқты бұлшықетке егілмейді, оны иіскеу керек. Бірақ инновациялық құралды ауаға ешкім шашпаған.
Қырым федералды университетінде COVID-19-ға қарсы жаңа вакцина әзірленгені туралы жаңалықтар өткен жылдың қазан айында шыққан. БАҚ-тың хабарлауынша, аурудан қорғану үшін препаратты жай ғана иіскеу керек. Сондай-ақ, вакцинаның ЖОО әкімшілігі сатып алған тышқандарда клиникаға дейінгі сынақтардан өткендігі атап өтілді.
Адамдарда жүргізілетін клиникалық зерттеулерге көшу үшін вакцинаны жасаушыларға қажетті құралдар оқу орнында жоқ болып шықты.
Сонымен қатар, Қырымда өндірілген интраназальды вакцина туралы ақпараттар биыл шілде айында тарады. Университет ректоры Андрей Фалалеев жоғары оқу орнының кейбір қызметкерлері препаратты «заңсыз, тыныш қана» алғанын айтты, өйткені ол адамдарда әлі сыналмаған және оның тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми дәлелденбеген.
Бүгінгі таңда Қырым федералды университеті ДДСҰ-ның вакциналар әзірлеушілер тізімінде жоқ.
Демек, бұл вакцина әлемнің бірде-бір елінде тіркелмеген және клиникалық зерттеулердің бірде-бір кезеңінен өтпеген. Тиісінше, бүгінгі күні препаратты жаппай өндіру туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Яғни, оны ауаға шашпайды.