Фейк: «Вакцинацияланған адамдар қатерлі ісік ауруымен 20 есе жиі ауырады»
Қазақстандықтар Telergam мессенджерінде COVID-19-ға қарсы екпе салдырғандардың онкологиялық аурулармен 20 есе жиі ауыратыны туралы хабарламамен бөлісуде. Бұл тұжырым КВИ-ге қарсы иммундау препараттары қатерлі ісік ауруларымен күресуге қатысатын Т-жасушаларын бұзатыны расталған ғылыми зерттеулерге негізделген екен. Бұл өтірік.
Вакцинацияланған адамдар үшін онкологияның даму ықтималдығы 20 есе жоғары деген тұжырымның авторы – доктор Райан Коул. Ол бұған дейін де екпелердің қауіптілігі туралы негізсіз және ғылымға қарсы мәлімдемелер жасаған, оларды мамандар жоққа шығарған болатын.
КВИ-ге қарсы вакцинация ағзадағы қатерлі ісіктердің пайда болу ықтималдығын арттыруы мүмкін деген ақпарат қатерлі ісік ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің, АҚШ Ұлттық қатерлі ісік институтының және Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ресми сайттарында жоқ.
Иммундауға арналған препараттар қандағы T-жасушаларының (т-лейкоциттердің) санын едәуір төмендететіні туралы теория Британдық Фрэнсис Крик институты ғалымдарының ғылыми зерттеулерін дұрыс түсіндірмеуден шыққан. Мамандар өз еңбектерінде Sars-CoV-2 коронавирусына қарсы Pfizer/BioNTech өндірген препаратпен егілу нәтижесінде алынған бейтараптандыратын антиденелердің белсенділігін бағалаған. Зерттеудің толық мәтіні The Lancet журналында жарияланды.
Осыдан кейін Желіде ғалымдар вакцинаның «Т-жасушаларын бұзатынын» және «иммундық жүйені әлсірететінін» анықтады деген ақпараттар тарала бастады.
Бұларды еңбек авторларының бірі Дэвид Бауэр жоққа шығарды.
«Біздің еңбекте Т-жасушалары мүлдем зерттелмейді. Бүгінгі таңда жарияланған барлық зерттеулер Pfizer вакциналары (және басқалары) SARS-CoV-2-ге қарсы күшті, оң, Т – жасушалық қорғаныс реакциясын тудыратынын көрсетті», – деді ол Associated Press басылымына.
Вакциналар қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деген теориялар егілуге қарсы адамдар арасында кеңінен тараған. COVID-19 пандемиясына дейін олар қатерлі ісік пен жаппай егу науқандары арасындағы байланысты орнататын псевдоғылыми идеяларды айтып келді. Алайда, мұндай тезистерге ешқандай дәлелдер болған емес және жоқ, өйткені беделді ғылыми зерттеулер кез келген ауруға қарсы вакцинация онкологияның даму қаупін арттыра алмайтындығын дәлелдейді.
Демек, вакцинацияланған адамдар қатерлі ісікпен 20 есе жиі ауырады деген тұжырым дәлелденбеген. Бұл бұған дейін жалған ақпарат таратқан сенімсіз дереккөздің мәлімдемесі. Ғылыми зерттеулер екпелердің қатерлі ісіктермен күресуге көмектесетін Т- жасушаларын бұзатыны туралы теорияны растамайды. Вакциналар мен қатерлі ісік ауруларының арасындағы байланыс жайлы теория вакцинацияға қарсы адамдар арасында танымал, бірақ ол негізсіз.