Фейк: «Препараттың сапасына ешкім жауап бермейтіндіктен КВИ қарсы егілуге келісімге қол қоюға мәжбүрлейді»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде COVID-19-ға қарсы вакцина алмас бұрын қол қойылатын ақпараттандырылған келісімге қатысты өз пікірлерін білдіруде. Кейбіреуінің айтуынша, құжат егілген дәрілердің сапасына ешкім жауап бермейтіндіктен қажет. Бұл жалған.
Қазақстанда қолданылатын СOVID-19 қарсы вакциналардың қауіпсіздігі сәтті өткен клиникалық зерттеулермен расталады. Еріктілер арасында препаратты алумен байланысты өлім жағдайлары, ауыр жағымсыз реакциялар анықталған жоқ.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакциналарды сақтау, тасымалдау және пациенттерге егу үшін кім жауапты екендігі жайлы айтып берді.
– «СК-Фармация» ЖШС вакцина өндірушілермен жасалған келісімшарт аясында екпені сақтау кезінде температуралық режимді, оны тасымалдау кезінде «суық тізбекті» сақтау үшін жауапкершілік аймағы анықталды. Бұл ретте «СК-Фармация» ЖШС (бұдан әрі – Бірыңғай дистрибьютор) вакцинаны тасымалдау мен сақтау тізбегі бойынша тиісті дистрибьюторлық практика стандартының (GDP) талаптарын қатаң сақтайтынын атап өтеміз. Вакциналарды тасымалдауға «СК-Фармация» ЖШС, оларды қоймаларда сақтауға және өңір ішінде тасымалдауға Денсаулық сақтау басқармасы, вакцинация кабинеттерінде сақтауға медициналық ұйым жауапты, – деп хабарлады ведомстводан.
Ерікті түрде берілетін ақпараттандырылған келісім КВИ қарсы вакцина алғанда ғана қажет екендігі туралы ақпарат та шындыққа жанаспайды. Пациенттер кез келген вакцинаны алмас бұрын құжатқа қол қоюы керек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер жүргізу қағидалары» қаулысына 2-қосымшада айтылған. Қосымшаның 11-тармағында былай жазылған: «Екпелер азаматтардан, кәмелетке толмағандардың ата-аналарынан немесе олардың өзге де заңды өкілдерінен және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардан егу жүргізуге ақпараттандырылған келісім алғаннан кейін жүргізіледі».
Демек, Қазақстанда пайдаланылатын КВИ қарсы вакциналардың сапасына екпені өндірушілер жауапты. Препараттарды тасымалдауға «СК-Фармация» ЖШС жауапты, қоймаларда сақтау және өңір ішінде тасымалдау жауапкершілігі Денсаулық сақтау басқармасына жүктелген, егу кабинеттерінде сақтауды медициналық ұйым мойнына алады. Ақпараттандырылған келісімге КВИ қарсы вакцинациялау кезінде ғана емес, сондай-ақ, басқа ауруларға қарсы профилактикалық егу алдында да қол қою қажет.