Фейк: «Ата-аналарды алдап, балаларды вакцинациялауға келісім беруге қол қоюға мәжбүрлейді»
Қазнетте оқушылардың ата-аналарын балаларды КВИ қарсы вакцинациялау туралы келісімге қол қоюға мәжбүрлейтіндігі туралы хабарламалар таратылуда. Оларға диаскин-тест жасауға және тұмауға қарсы егуге ақпараттандырылған келісім бланкісі беріледі екен. Оған қол қойған ата-ана баласын КВИ қарсы егуге рұқсат береді. Бұл фейк.
Шын мәнінде, мұндай бланкілер қазақстандық оқушылардың ата-аналарына берілмейді. ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл жағдайға қатысты пікірін білдірді.
– Диаскин тест – бұл адамның туберкулезбен ауыратындығын анықтайтын нақты тест. Ол барлық балаларға бірдей жасалмайды. Оны Манту сынамасы оң нәтиже берген мектеп оқушыларына ғана жасайды. Диаскин-тест мектептерде емес, туберкулез диспансерлерінде және тек ата-аналардың келісімімен ғана жасалады. Тұмауға қарсы вакцинация да мектеп қабырғасында жүргізілмейді. Оның үстіне, бүгінгі күні Қазақстанда да, әлемде де бір уақытта тұмаудан да, КВИ-ден де қорғайтын поливакциналар жоқ, – деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Демек, ата-аналарды балаларды егуге келісімге қол қоюға мәжбүрлейтіні туралы ақпарат фейк. Елімізде диаскин-тест те, тұмауға қарсы вакцинация да мектептерде жүргізілмейді.
Балаларды КВИ-ге қарсы егу туралы ақпарат бұған дейін де тараған. Біз COVID-19-ға қарсы екпені Манту деп салады, мектеп асханаларында айран мен йогуртқа қосады, тіпті балалардың мұрнына спрей түрінде себеді деген қауесеттерді жоққа шығарған болатынбыз.