Fake News

Манипуляция: «Жапонияда COVID-19 Ивермектинмен емдеу ұсынылады»

Қазақстандықтар Токио медицина қауымдастығының төрағасы Харуо Озакидің сөзінен үзінді таратуда. Қазнет қолданушыларының айтуынша, күтпеген жерден барлық дәрігерлерге COVID-19 пациенттері үшін «Ивермектин» ұсынды. Бұл жалған.

«Ивермектин» – бұл ветеринарлық паразиттерге қарсы дәрі, ол сирек жағдайларда адамдарға тағайындалады. Оның көмегімен қышыма, онхоцеркоз (өзен соқырлығы), стронгилоидоз және басқа гельминтоздар емделеді.

Ол жүрек айнуы, құсу, бас айналу, бұлшықет және бас ауруы сияқты бірқатар жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Шамадан тыс қолданған жағдайда тыныс алу проблемалары, координацияның жоғалуы, құрысулар, аяқ-қолдың ұюы және әестен тану жағдайлары орын алуы мүмкін.

Харуо Озаки ағымдағы жылдың 13 тамызында өткен баспасөз мәслихатында осы препараттың ықтимал пайдасы туралы айтқан. Алайда, дәрі-дәрмекті қолдануды тікелей ұсынбаған.

– Паразиттерге қарсы «Ивермектин» препаратына келетін болсақ, оны басқа аурулардың алдын алу үшін қолданатын Африка елдерінде COVID-19 жұқтыру жағдайлары мен одан болатын өлім-жітімнің төмендегені байқалады. Мұқият клиникалық зерттеулер жүргізу керек, бірақ қазіргі кезде пациент ақпараттандырылған келісімін беріп, препаратты қолдануға рұқсат ала алады», – деді Одзаки.

Оның сөзіне қарағанда, ол «Ивермектинді» COVID-19 жұқтырған науқастарға тағайындауға емес, оны зерттеуге шақырады.

Жапонияда препарат пен оның КВИ кезіндегі пайдасы белсенді зерттеліп жатқанын атап өткеніміз жөн. Алайда, ағымдағы жылдың 29 шілдесінде Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің ресми сайтында жарияланған «Ауыр жедел респираторлық синдромға, COVID-19 арналған медициналық нұсқаулық, 5.2 басылым» құжатында «Ивермектин» COVID-19 кезінде тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденбеген дәрілер қатарында көрсетілген.

«Қазіргі кезде клиникалық зерттеу жүргізілуде (jRCT2031200120). Соңғы метаанализде (бір зерттеуде 10 рандомизацияланған бақыланатын зерттеу болады) «ивермектинмен» емдеу стандартты емдеумен немесе плацебомен салыстырғанда жағдайы жеңіл пациенттерде қолданылды. Нәтижесінде барлық себептерден болатын өлім, ауруханада болу ұзақтығы және вирустың жойылу уақыты төмендемегені жайлы хабарланды», – делінген құжатта.

«Ивермектиннің» КВИ емдеу кезіндегі қасиеттері Жапониядан басқа елдерде де зерттелуде. Әзірге, бұл препаратты ауруды емдеуге мақұлдау үшін сенімді деректер жеткіліксіз. ДДСҰ оны тек клиникалық зерттеулер аясында ғана қолдануды ұсынады.

АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасының (FDA) ресми сайтында COVID-19 алдын алу мақсатында «Ивермектинді» қолдануға қатысты ескерту жарияланды.

– «FDA COVID-19 емдеу немесе алдын алу үшін «Ивермектинді» пайдалануды қолдайтын деректерді талдаған жоқ. Дегенмен, кейбір бастапқы зерттеулер әлі де жалғасуда. Препаратты мақсатсыз қабылдау өте қауіпті болуы мүмкін», – делінген порталда.

Қорыта айтқанда, Харуо Озаки COVID-19 жұқтырған барлық пациенттерге «Ивермектин» қолдануды ұсынбаған, ол препаратты мұқият және ауқымды зерттеуге шақырды және онымен клиникалық сынақтарға қатысумен салыстыруға болатын ақпараттандырылған жазбаша келісім берген пациенттерді емдеуге болады деп пайымдады.

Біз бұған дейін «Ивермектин» вирустың кез келген нұсқасынан туындаған COVID-19 емдей алады деген фейкті жоққа шығарған болатынбыз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button