ПТР-тест тапсырып, улану мүмкін емес
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ПТР-тест тапсырып, қауіпті химиялық затпен улануға болатындығы туралы хабарлама тарады. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, мақта зондтарын зарарсыздандыру үшін қолданылатын этилен оксид денсаулыққа теріс әсерін тигізуі мүмкін. Бұл манипуляция және фактілерді бұрмалаушылық.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті медициналық жабдықты зарарсыздандыру кезінде қолданылатын этилен оксидінің бөлшектері биоматериал алуға арналған зондтарда қалуы және денені улауы мүмкін деген қауесетті теріске шығарды.
– Этилен оксидімен стерильдеу осы үшін арнайы жасалған жабдықты пайдалана отырып жүргізіледі. Стерильденетін заттарды қоспа буымен өңдеу үшін герметикалық жабылатын контейнерлердің немесе бокстардың ішіне салады. Газбен өңдеуден кейін аэрация (газсыздандыру) процесі басталады, оның мәні газ қоспасының қалдықтарын «жою» болып табылады. Бұл ретте адам денесіне 30 минуттан аспайтын уақыт (шприцтер, пластик немесе ағаш қалақшалар, тампондар) тиетін медициналық бұйымдар үшін аэрация уақыты 12 сағатты құрайды. Егер медициналық өнім адам денесіне 30 минуттан артық уақыт тиетін болса – 24 сағат. Имплантацияланатын бұйымдар (кардиостимуляторлар) кемінде 72 сағат аэрациялануы тиіс, – деп түсіндірді ведомствода.
Осылайша, медициналық өнімдерде этилен оксидінің іздері қалмайды, яғни мұндай өнімдерді пайдалану улануға әкелуі мүмкін емес.
Бұдан басқа, Қазақстанда ISO 10993-7-2016 сәйкес өнімдегі ЭО және ЭХГ қалдық құрамын анықтау бойынша Қазақстан Республикасының токсикологиялық зертханаларында уәкілетті сараптама ұйымдары биологиялық материал алуға арналған зондтар партияларына іріктемелі зерттеу жүргізеді.
Медициналық өнімдерді этилен оксидін қолдану арқылы зарарсыздандыру туралы толығырақ осыған дейін жазған болатынбыз.
Манипуляция: «ПТР тест жиынтықтары ми қатерлі ісігін тудыратын затпен қаныққан»