Манипуляция: «ПТР тест жиынтықтары ми қатерлі ісігін тудыратын затпен қаныққан»
Қазнет қолданушылары COVID-19-ға ПТР-талдау кезінде биоматериал алуға арналған жиынтықтар ми қатерлі ісігін тудыратын қауіпті затпен қаныққан деген гипотезаны талқылауда. Бұл олай емес.
Ұлыбритания тұрғыны түсірген бейнеролик қазақстандықтарды осындай ойға итермеледі. Бір ер адам биоматериалды өздігінен алуға арналған жиынтық сатып алған, оның қаптамасында құралдар этилен оксидімен зарарсыздандырылғаны жазылған. Видео авторы бұл зат улы және қатерлі ісіктің дамуына ықпал етеді деп мәлімдейді.
Шын мәнінде, этилен оксиді немесе EO стерилизациясы қауіпсіз, тиімді болып табылады және медицинада 1950 жылдардың басынан бастап қолданылып келеді. Осылайша, хирургиялық жабдықтар мен құралдар, соның ішінде жоғары температура, ылғал тигізуге және басқа тәсілдермен өңдеуге болмайтын керек-жарақтар зарарсыздандырылады.
Этилен оксиді – жеңіл, тәтті иісі бар түссіз және жанғыш газ. Ол тұрақсыз болғандықтан оны қауіпсіз қолдану және тасымалдау үшін басқа заттармен жиі араластырады.
Этилен оксиді ағзаға жағымсыз әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, АҚШ қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (EPA) құжатында этилен оксидінің көп мөлшерін дем алу кезінде жұту жүрек айну, құсу, бронхит, эмфизема және басқа да бұзылуларға әкелуі мүмкін екендігі айтылған.
Газдың ұзақ уақыт әсері көз, тері және тыныс алу жолдарының тітіркенуін тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, бас ауруы, есте сақтау қабілетінің бұзылуы және дененің ұйып қалуына әкелуі ықтимал.
Сонымен қатар, Агенттік газдың қатерлі ісік ауруын тудыруына қатысты зерттеулер жүргізді. Ұзақ уақыт бойы этилен оксидінің көп мөлшерімен тыныс алу қатерлі ісіктердің пайда болу қаупін арттыратыны рас.
Алайда, осы газбен зарарсыздандырған кезде медициналық аспаптарда қалған зат мөлшері тыныс алғанда қауіпсіз болып табылады. Сонымен қатар, зарарсыздандырудан кейін заттар азотпен және таза ауамен өңделеді, бұл этилен оксидінің қалдықтарын заттың беттерінен тазартады. Содан кейін зарарсыздандырылған заттар газсыздандыру кезеңінен өтеді – яғни зарарсыздандыратын заттың қалған бөлшектерін жояды. Бұл процесс арнайы жасалған бөлмеде жүреді.
Осылайша, ПТР талдауы үшін биоматериал алу құралдары қауіпті болуы мүмкін және қатерлі ісік ауруын тудыруы ықтимал деген тұжырым негізсіз. Видеодағы фактілер бұрмаланған және асыра айтылған.