Фейк: «Автобустарды санитарлық өңдеу өмірге қауіпті»
Қазақстандықтар қоғамдық көлікті санитарлық өңдеу жұмыстарына тағы да наразы. Кейбір желі қолданушылары дезинфекция үшін қолданылатын заттар аса улы және өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді деп санайды. Бұл мәлімдеме бірнеше рет жоққа шығарылды.
Ортақ пайдалану орындарын санитарлық өңдеу денсаулыққа зиян болуы мүмкін деген пікірді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті бұған дейін терістеген болатын.
«Комитетке де, Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне де көшелерді, кіреберістерді және басқа аумақтарды санитарлық өңдеуден кейін аллергиялық реакцияға шағымдар түскен жоқ. Бұдан басқа, Қазақстанда мектептерді, ауруханаларды және басқа да қоғамдық орындарды дезинфекциялау үшін уытты емес және денсаулық үшін қауіпсіз заттар пайдаланылатынын атап өткім келеді. Барлық құралдар сертификатталған, тізілімге енгізілген және қолдану бойынша нақты нұсқаулықтары бар, онда санитарлық өңдеуге арналған ерітінділерді дайындау пропорциялары көрсетілген», – деп хабарлады комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 мамырдағы қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарды санитарлық өңдеу үшін хлорактивті, оттекті, гуанидинді, спиртті заттарды және төрттік аммоний қосындыларын пайдалануға рұқсат етілген. Қаулыда сондай-ақ рұқсат етілген құралдар атауларының толық тізбесі, олардың ерітіндідегі концентрациясының рұқсат етілген деңгейі және экспозицияның ең ұзақ уақыты белгіленген.
Қазақстанда санитарлық өңдеу және дезинфекциялау жұмыстары бұған дейін де жүргізілген және жоғарыда аталған дезинфекциялық құралдар қолданылған. Оларды пайдалана отырып жүргізілген санитарлық өңдеуден кейін улану жағдайлары туралы хабарланбаған.
ДДСҰ COVID-19 алдын алу шарасы ретінде заттардың беттерін хлор ерітінділерімен дезинфекциялауды ұсынған.
Дезинфекциялық құралдармен улануға болады, бірақ санитарлық өңдеу кезінде бұл мүмкін емес. Хлор буымен улану үшін ерітіндінің концентрациясы өте жоғары болып, ұзақ уақыт әсер етуі тиіс. Өңделген бөлмелерді дұрыс желдету денсаулыққа зиян келтіру ықтималдығын төмендетеді.