Фейк: «Қазақстандықтарды вакцинамен уламақ»
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қазақстандықтар COVID-19 қарсы вакцинациялау туралы хабарлама таратуда. Мәтінде «қазақстандықтарды вакцинамен уламақ» және екпе жасаудан бас тартқандар жұмыстан шығарылуы мүмкін екендігі айтылған. Бұл – фейк.
Біріншіден, Қазақстанда әзірге ресейлік «Спутник V» вакцинасын сатып алу және оны ел аумағында өндіру мүмкіндігі ғана қарастырылуда. Соңғы шешім препарат сынақтардың барлық кезеңдерінен өткеннен кейін қабылданады.
– Ресейлік тараптың ақпаратынша, клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінің қорытындылары туралы деректер таяу уақытта ұсынылады. Толық деректерді алғаннан кейін ғана Қазақстан аумағында вакцинаны қолдану мәселесі шешіледі. Қазіргі кезде қазақстандықтар препараттың клиникалық сынақтарына қатыспайды, – деп хабарлады ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков Орталық коммункиациялар қызметі алаңында тікелей эфирде өткен брифингте.
Екіншіден, клиникалық зерттеулердің өткен кезеңдерінің есебінде вакцинадан улану немесе оны қолданғаннан кейін елеулі жанама әсерлердің болғандығы туралы мәліметтер жоқ.
Үшіншіден, хабарламада айтылғандай, кез келген ресейлік кәсіпорындардың жұмысшыларын COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасымен жаппай вакцинациялау мүмкін емес. Өйткені, бүгінде жаппай вакцинациялау тек Мәскеуде ғана жүргізіліп отыр – ол 4 желтоқсанда басталды. Өңірлерде ниет білдіргендер келесі аптада егіледі.
Демек, хабарламадағы ақпарат ойдан шығарылған.