Fake News

Чехия фейкпен қалай күреседі

Ipsos агенттігінің зерттеуі бойынша, Чехия тұрғындарының 55%-ы фейк жаңалықтарын бірнеше рет оқыған және оған сеніп қалған. 94% кем дегенде бір рет жалған ақпаратқа немесе түрлі жарияланымдарға сенген. Бұл мемлекеттегі жалған ақпаратпен күрес StopFake-тен оқыңыз.

Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, респонденттердің жартысы жалған ақпараттың салдарынан БАҚ-қа деген сенімнің азая бастағанын мойындады. Фейктер Фейсбукте немесе жаңалықтар сайттарында жиі кездескен. Нәтижесінде, пайдаланушылардың 20% жуығы әлеуметтік желілерді пайдалануды шектеген немесе профильдерін жапқан.

 

Жастарды оқыту

Чехиялық оқушылар мектепте сенімді дереккөздерден алынған ақпаратты жалған ақпараттан ажыратуды үйренеді. Масариков университетінің студенттері фейктерді анықтайтын ойын ойлап тапқан. Fakescape II ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау және фейк жаңалықтарды тану дағдыларын қалыптастырады. Ойынның бірінші нұсқасы орта мектеп оқушыларына, екінші нұсқасы бастауыш сынып оқушыларына арналған.

Ойын сюжеті бойынша оқиға адамдар «дезинфомбиге» (зомбиге ұқсас) айналдыратын жалған ақпарат вирусын жұқтырған қалада болады. Ойыншының мақсаты зертханадан вакцина табу және адамзатты құтқару. Ойын барысында манипуляциялық тақырыптар мен фотомонтажды анықтау, сондай-ақ қандай да болмасын ақпаратты қайта тексеру қажет.

Келесі бір ойынның да сюжеті қызықты. Президент сайлауы кезіндегі журналист. Үміткерлердің бірі демалысқа тыйым салатын құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр. Командалар үміткерлердің қайсысы өтірік айтқанын анықтауы керек.

 

Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы

 

2017 жылы Чехияда ІІМ бөлімшесі өз жұмысын бастады, ол жалған ақпарат тарату кампаниялары мен саяси радикалдау сияқты ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін гибридті қатерлерге мониторинг жүргізеді және талдайды. Терроризмге және гибридтік қауіптерге қарсы күрес орталығы (ТГҚКО) арнайы қызметтермен, Сыртқы істер министрлігімен және Қорғаныс министрлігімен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ол мониторингпен, талдаумен және көпшілікті қандай да бір фейк немесе бұрмаланған ақпарат туралы хабардар етумен айналысады. Сондай-ақ, Орталық қызметкерлері Твиттердегі аккаунтта сенімді дереккөздерді анықтау бойынша кеңестер береді, медиа сауаттылық туралы әртүрлі дәрістер туралы хабарлайды және нақты фейктерді көрсетеді.

2019 жылы Чехия Үкіметі пікірлер мен жарияланымдарды негізсіз жоюға немесе әлеуметтік желілерде пайдаланушыларды бұғаттауға тыйым салу туралы заң жобасын сынға алды.

Құжатқа сәйкес, мұндай бұзушылықтар үшін 50 миллион крон мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ, Үкімет кейбір жағдайларда түсініктемелер мен жарияланымдарды жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға қарсы болды. 

 

«Ковидтік фейкпен» күрес

Пандемияға байланысты Чехияда зиянды ақпарат көп тарады. Осыған байланысты жарияланған ақпаратты бақылайтын және арандатушылар мен алаяқтарды қадағалайтын жеке полиция бөлімшесі құрылды. Полиция қызметкерлері интернетте таратылатын ақпаратқа талдау жүргізді. Осылайша, жергілікті халық сенетін ең танымал және ең зиянды қауесеттер тізімі жасалды. Дәрігерлерден, заңгерлерден және әлеуметтік қызметтерден қажетті ақпаратты алғаннан кейін полиция учаскелерінің базасында «ковидтік фейкпен» күресетін жеке бөлімше құрылды. «Анти-фейк» командасы жалған ақпаратты жоққа шығарады, оны мамандардың пікірлерімен, және нақты деректермен растайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button