Фейк: «Клетчатканың ағзаға пайдасы жоқ, зияны бар»

Желіде пайдаланушылар ағзаның клетчатканы қорытып, сіңіре алмайтындығын тақлыдауда. Сондықтан, оның тағамдық құндылығы жоқ. Клетчатка ішек жұмысына кері әсер етіп, ас қорыту проблемаларын және аутоиммунды реакциялар тудырады екен. Бұл ақпаратқа сенуге бола ма, анықтайық.
Клетчаканың зияны туралы ақпарат жарияланған аккаунттың авторы кето және карнивор диеталарын ұстанады және оларды белсенді түрде насихаттайды. Алдымен мұның қандай диеталар екенін айтайық.
Кетодиета кезінде ағза глюкоза емес, жануарлардан алынған өнімдерден алатын энергияны пайдаланады. Бұл тамақтану режимі қандағы қант пен инсулин деңгейін төмендетіп, арықтауға көмектеседі. Диета бастапқы қант диабетімен ауыратын адамдарға арналған.
2018 жылы поляк профессоры Мацей Банах Еуропалық кардиологтар қоғамының конгресінде төмен көмірсулер диетасының зияны туралы баяндамасын ұсынды. 24 мың адамнан тұратын топта жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, майы көп және көмірсулары аз диетаны ұстанушыларда жүрек ауруларынан, инсульттан және қатерлі ісіктен өлу қаупі сәйкесінше 50%, 51% және 35% жоғары болған.
Чикаго университеттік ауруханасының мамандары кетодиета қан қысымының төмендеуі, бүйрек тастарының пайда болуы, іш қату және қоректік заттардың жетіспеушілігін тудыруы мүмкін екенін айтады. (https://www.uchicagomedicine.org/forefront/health-and-wellness-articles/ketogenic-diet-what-are-the-risks) Сондай-ақ, бұл диета ұйқы безі, бауыр, қалқанша без немесе өт қабы аурулары бар адамдар үшін қауіпті.
2020 жылдың қаңтарында Халықаралық дәрігерлер комитеті төмен көмірсулы диеталар, соның ішінде кетодиетаны, америкалықтар үшін тамақтану бойынша ұсыныстардан алып тастауға шақырды. Ғалымдар мұндай диета жүрек ауруларының қаупін арттыратынын атап өтті.
Карнивор диетасын «арыстан диетасы» деп атайды. Оны ұстанатын адамдар көмірсуларсыз, тек жануарлардан алынатын өнімдерді ғана жейді. Бұл диетаны ұстанушылардың айтуынша, ол арықтауға көмектеседі, жалпы калория мөлшерін азайтуға септігін тигізеді. Карнивор диетасы қабынуды төмендетіп, буындарға жақсы әсер етеді және созылмалы аурулар қаупін азайтады.
Дегенмен “арыстан диетасының” негізгі мәселелерінің бірі – С дәрумені, магний мен калий сияқты қажетті микроэлементтердің жетіспеушілігі. Көптеген зерттеулер қызыл және өңделген етті тұтыну мен жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті қаупінің жоғары байланысын анықтады. 2025 жылы жүргізілген зерттеу жануарлар ақуызын көп тұтынумен байланысты бүйрек тастарының пайда болу қаупін көрсеткен.
Клетчатка дегеніміз не және ол ағзаға не үшін қажет? Клетчатка – өсімдік өнімдерінде кездесетін күрделі көмірсулардың бір түрі. Ол көкөністердің тығыз құрылымын береді және дәндердің қабығын құрайды. Піскен дақылдарда, жармаларда, дәндерде, жаңғақтарда, сондай-ақ көкөністер мен жемістерде кездеседі.
Ағза клетчатканы қорытып, сіңіре алмаса да, ол денсаулық үшін өте маңызды. Клетчатканың иммундық жүйені нығайтату, тәбетті төмендету және ішек жұмысын қалыпқа келтіру қабілеті клиникалық тұрғыдан дәлелденген.
Зерттеулер көрсеткендей, клетчаткаға бай диета «жаман» холестерин деңгейін төмендетуге және жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік және қант диабеті қаупін азайтуға көмектеседі.
Клетчатканың жеткілікті мөлшері ішек микробиомасын өзгертіп, иммундық жүйені қолдайды және қабынуды болдырмайды. 2023 жылы Nutritional Neuroscience журналында жарияланған зерттеу бойынша, жоғары диеталық клетчатка деменцияның дамуына деген қауіпті төмендетеді.
АҚШ тағам және дәрі-дәрмек басқармасының мәліметі бойынша, ересектерге арналған клетчатканың күнделікті тұтыну нормасы — 28 грамм. Клетчатканың артық мөлшері денсаулыққа әртүрлі зиян келтіруі мүмкін. Оның артық болуы темірдің сіңуіне кедергі келтіріп, анемияға әкелуі мүмкін. Клетчатканың көптігі газдардың пайда болуына және іштің ісінуіне себеп болуы мүмкін. Су жетіспегенде, клетчатканың көптігі іш қату мен асқазанның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мөлшерді сақтау маңызды.
Ал аутоиммунды реакциялар өте сирек кездеседі және көбінесе клетчатканың белгілі бір түрлеріне жеке төзбеушілікпен байланысты. Йель университетінің ғалымдары өмір салты мен аутоиммунды және метаболикалық аурулар арасындағы мүмкін байланыстарды зерттеген. 2019 жылы жануарларға жүргізілген эксперимент клетчаткаға бай диетаның ауру тудыратын бактериялардың деңгейін төмендететінін көрсеткен. Бұл бактериялар ішек қабырғасынан шығып, аутоиммунды ауруларды тудырмайды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат жалған. Клетчатка ағза үшін өте маңызды. Ол ішек перистальтикасын жақсартып, «жаман» холестерин деңгейін төмендетуге көмектеседі, жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік және қант диабеті қаупін азайтады. Бірақ басқа өнімдер секілді, клетчаткада да мөлшерді сақтау керек. Әрқашан тексерілген ақпарат көздеріне сүйеніп, диетада теңгерімді сақтау маңызды.