Fake News

Фейк: «Әлемге танымал онколог COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін турборактың көбейгенін айтты»  

Қазнетте COVID-19 қарсы вакцинацияға байланысты жастар арасында «жаһандық турборак серпілісі» байқалатыны туралы қауесет қайта таралуда. Танымал онкологтардың бірі осындай мәлімдеме жасаған екен. Бұл фейк бірнеше жыл бұрын пайда болған, жыл сайын оны өзгертіп, сенсация деп қайта таратады.

«Турборак» туралы фейктерді біз 2023 және 2024 жылдары өз сайтымызда жоққа шығардық. Бұл жолғы коронавирусқа қарсы екпеден туындайтын «турборак» туралы мәлімдеменің авторы – канадалық дәрігер Уильям Макис.

Доктор Макис жалған ақпарат таратушы және қастандық теорияларының жақтаушысы ретінде белгілі. Ол 2022 жылы 80 дәрігер COVID-19 қарсы екпеден қайтыс болды деп айтқан. Бұл мәлімдемені Reuters агенттігінің фактчекерлері тексеріп, оны өтірік деп таныды.

Турборакты талқылау аясында америкалық онколог хирург және Уэйн университетінің профессоры Дэвид Горски өз пікірін білдірді. Ол Макистің өзін онколог деп атайтынына таң қалды, өйткені ол мамандығы бойынша радиолог және медициналық лицензиясынан әлдеқашан айырылған. Горскидің айтуынша, оның барлық мәлімдемелері ғылымға қарсы және негізсіз.

«Турборак» термині 2022 жылы пайда болды. Оны қастандық теорияларын жақтаушылар вакцинациядан кейін байқалатын агрессивті және тез дамитын қатерлі ісіктерді сипаттау үшін қолданады. Бірақ бұл терминнің нақты медициналық анықтамасы жоқ. Сонымен қатар, турборактың бар екендігіне ғылыми дәлелдер жоқ.

Турборак туралы қауесеттердің көп бөлігі пандемия кезінде адамдардың көбі денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне орай тексерулер мен емдеуді кейінге қалдыруымен байланысты. Соның нәтижесінде ерте сатыда анықталуы мүмкін қатерлі ісік асқынып кеткенде ғана табылған. Бұл ауру тез және агрессивті түрде дамиды деген жалған пікір қалыптастырды. Бірақ оның себебі диагноздың кеш қойылуында еді.

Америкалық қатерлі ісік қоғамы мен АҚШ Ұлттық онкология институтының мәліметтері бойынша, COVID-19 қарсы вакциналардың қатерлі ісік ауруын тудыратынына, оның тез өршуіне немесе аурудың ағымына әсер ететініне ешқандай дәлел жоқ. Вакциналардың ұзақ мерзімді жанама әсерлерін зерттеу де қатерлі ісікпен байланысты растамайды.

COVID-19 қарсы вакциналардың қатерлі ісіктің дамуымен байланысты деуге де негіз жоқ. Әсіресе медициналық тәжірибеде мүлдем жоқ «турборактың». Мұндай мәлімдемелер расталмайды, яғни бұл фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button