Фейк: «ПТР-тесттер COVID-19 анықтау үшін емес, адамды клондау үшін жасалды табылды»

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде дәрігерлер ПТР тестті COVID-19 анықтау үшін емес, адамды клондау үшін пайдаланатыны туралы айтылған видеоны таратуда. Мұны АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты (NIH) мойындаған екен. Бұл өтірік.
Бұл жалған ақпаратты америкалық гомеопат Арияна Лав таратты. Ол өзін медицина саласындағы тергеуші журналист деп санайды. Қастандық теорияларын қолдайтын ол вакциналар арқылы халықты чиптеп, өлтіреді дейді.
Лавтың айтуынша, COVID-19 «вакцина антигені» сібір жарасының жақсартылған түрі. Вакцинацияның «зиянды» әсерінен ағзаны тазарту үшін ол өзінің детокс хаттамаларын жасаған. Медициналық білімі жоқ дәрігермен кеңесу құны 45 минут үшін 390 долларды құрайды, оның ішінде жеке жоспар құру да бар. Ал қабылдайтын көптеген препараттар кірмейді. Ең зиянсыздарға қарағай инелерінің эфир майы және көк-жасыл балдырлар жатады.
Лав ПТР-тесттер адамды клондау үшін жасалғанын дәлелдеу үшін АҚШ Ұлттық денсаулық институтының сайтында жарияланған зерттеуге сүйенеді. 2015 жылы порталда «Полимеразды тізбекті реакцияның молекулалық клондау: жасушалық инженерия бойынша білім беру нұсқаулығы» атты мақала жарияланды. Онда ПТР-дің көмегімен генді қалай клондау керектігі сипатталған, ал бұл репродуктивті клондау процесінен мүлдем өзгеше.
Associated Press халықаралық агенттігі осы жарияланымның бірлескен авторы Сайед Шахабуддин Хосейниге хабарласып, Арияна Лавтың сөзіне қатысты түсініктеме алды.
«Репродуктивті клондау – атауы бірдей болғанымен, гендерді клондаудан мүлдем басқа нәрсе. Бұл алманы апельсинмен емес, ұшақпен салыстырған сияқты», – деп атап өтті Хосейни.
COVID-19-ға ПТР-тест жасағанда вирустың генетикалық материалының бірегей бөлігі талданады. Зертханалық құрылғылар пациенттің үлгісінде вирустың бар-жоғын анықтауы үшін бірнеше рет көшіріледі.
Ал репродуктивті клондау дегеніміз – адамның немесе жануардың жасуша ядросын алып, оны жұмыртқаға ауыстыру, содан кейін ағза толық дамуы үшін сол жұмыртқаны жатырға имплантациялау. Бұл әдіс алғашқы клондалған сүтқоректі Долли қойын жасау үшін қолданылды. Жануар зертханада жасалған эмбрионнан жаратылып, суррогат аналық қойға салынды. Әлемге 1997 жылы алғаш рет репродуктивті клондау сәтті жүргізілгені туралы жария етілді.
ПТР-тест кезінде алынған геном үлгілерінде жасуша ядросында болатын және жасуша тіршілігі үшін маңызды компоненттер, яғни ақуыздар, минералдар және дәрумендер болмайды. Сондықтан адамды тек үлгілерді ғана пайдаланып клондау мүмкін емес.
ПТР-тесттер адамды клондау үшін жасалды деген гипотеза жалған. ПТР-тесттер COVID-19 вирусын анықтау үшін қолданылады. Гендерді клондау жалпы жасуша ядросын қажет ететін репродуктивті клондаумен мүлдем байланысты емес.