ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Omicron XBB коронавирусының жаңа нұсқасының таралуы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді
Қазақстандықтарға WhatsApp-та коронавирустың жаңа нұсқасы Omicron XBB таралып жатқаны туралы хабарламалар келіп түсуде. Ол өте қауіпті ауру және анықтау қиын екен. Бұл ескі фейк.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Мессенджерлерде COVID-Omicron XBB коронавирусының жаңа нұсқасы туралы қайта тарап жатқан ақпарат ескі әрі жалған болып табылады.
Республикада коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2025 жылдың басынан бері елде 51 КВИ жағдайы тіркелді, өлім жағдайлары жоқ. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 7 есеге азайды.
Коронавирустық инфекциямен ауруханаға жатқызудың өсімі жоқтығын атап өткен жөн, бұл көптеген жағдайларда инфекцияның жеңіл түрде өтетінін растайды. Мәселен, секвенирлеудің соңғы деректері бойынша, Қазақстанда, бүкіл әлемдегідей Омикрон штаммының әртүрлі нұсқаларының айналымы анықталуда.
Коронавирустық инфекция бойынша жағдай бақылауда. Азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, тек ресми дереккөздердің ақпаратына сенуге шақырамыз», – – делінген ведомство хабарламасында.