Fake News

Фейк: «Қазақстанда Израильден әкелінген қауіпті парацетамол сатылуда»

Әлеуметтік желілерде Израильден әкелінген аса қауіпті парацетамол туралы ескертетін хабарлама тарады. Препарат Палестинаға арналған, бірақ Ресей мен Қазақстанда сатылып жатыр екен. Оны ішкен адам алтыншы күні қайтыс болады. Бұл ескі фейк.

Қазақстанда сатылатын Израильден әкелінген қауіпті парацетамол туралы жалған ақпарат 2017 жылы шыққан. Оны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің бас сарапшысы жоққа шығарды.

2018 жылы фейк Ресейде тарады. Жалған ақпаратты Ресейдің денсаулық сақтау саласындағы қадағалау жөніндегі федералды қызметі (Росздравнадзор) жоққа шығарды.

Бүгін тараған ақпарат көп жылдар бойы Желіде жүрген фейкпен бірдей. Бұл хабарламада қарапайым пайдаланушыны не алаңдатуға тиіс?

Суретте қауіпті препараттың қаптамасы көрсетілген. Шығарылған мерзімі ­ 2016 жыл, ал жарамдылық мерзімі 2019 жыл. Мерзімі өткен дәрі-дәрмектер Қазақстанның дәріханаларында сатылмайтыны анық, өйткені бұл процес қатаң бақыланады.

Қаптамада өндіруші Apex деп жазылған. Бұл үнді компаниясы. Бұл хабарламадағы мәлімдемелердің жалған екенін тағы да растайды. Apex фармацевтикалық компаниясы парацетамол шығарады, бірақ оның қауіптілігі туралы ешқашан хабарланбаған.

Парацетамол – белгілі қызуды басатын дәрі. Оны рецептсіз сатып алуға болады. Бұл препарат туралы Желіде жалған ақпарат көп тарайтыны да сондықтан болар. Олардың бірінде таблеткаларда улы сым бар деп айтылған болатын. Кейін израильдік парацетамолдың құрамында өте қауіпті мачупо вирусы бар деген хабарламалар тарай бастады.

Әр жылдары парацетамол туралы фейктерді Қырғызстан, Украина, Литва, АҚШ, Қазақстан фактчекерлері, соның ішінде біздің сайт та жоққа шығарды.

Демек, Қазақстанның дәріханаларында сатылатын қызуды басатын аса қауіпті дәрі туралы хабарлама – бұрыннан таралып келе жатқан фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button