Алаяқтар әлеуметтік желілерде көлік жүргізу куәлігін емтихансыз сатып алуды ұсынуда
Әлеуметтік желілерде көліктің кез келген түріне жүргізуші куәлігін сату туралы хабарландырулар тағы да жариялануда. Емтихан тапсырудың қажеті жоқ, ал рәсімдеу процесіне 2-3 күн кетеді. Жарнама авторларының айтуынша, бәрі заңға сәйкес жасалады. Бұл алаяқтардың ісі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі жалған жарнамаларға қатысты түсініктеме берген болатын.
«Әлеуметтік желілерде белгілі бір сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алуға көмек көрсететіндер туралы ақпараттар таралуда. Осындай заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
Алаяқтар алдын ала төлем сұрап алып, артынан ізін суытады.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды мұқият болуға және күмәнді келісімдерден аулақ болуға шақырады. Мұндай тәсілмен жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес.
Күдікті ұсыныстар анықталған жағдайда, дереу полицияға хабарлау қажет», – деп атап өтті ведомстводағылар.
ҚР ІІМ жүргізуші куәлігін алу рәсімін еске салды:
– жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудан өтіп, қажетті санат бойынша курсты аяқтағаны туралы куәлік алу қажет.
– сол санат бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну керек. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды, автомектепте оқу курстарын аяқтағаны туралы куәлікті, медициналық анықтаманы, жүргізуші куәлігін дайындау үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсыну қажет.
Емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда азаматқа көлік құралын басқаруға арналған жүргізуші куәлігі беріледі.