Фейк: «COVID-19 пандемиясы басталғанда тұмау жоғалып кетіп, кейін қайта шықты»
Қазнетте ДДҰ-ның тұмау бойынша статистикасы талқылануда. Онда 2020-2021 жылдары тұмаумен ауырғандар саны өте аз болғаны көрсетілген. Осы кезеңде коронавирустық инфекция өршіген. Тұмау қайда кетті? Пайдаланушылардың пікірінше, дәрігерлер тұмауды ковид деп жазып, бәрін алдаған.
Шындығында, тұмау жоғалған жоқ. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша, 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың мамырына дейін тұмаумен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалған. Науқастардан 800 мыңнан астам сынама алынып, оның тек 0,2% ғана оң болып шыққан. Бұл ретте пандемияға дейінгі үш маусымда тұмауға алынған оң респираторлық сынамалардың үлесі 30% болған.
2020-2021 жылдар аралығында АҚШ-та тұмаудан 700-ге жуық адам қайтыс боғлан. CDC бағалауы бойынша, өткен маусымда АҚШ-та шамамен 22 мың адам, ал екі маусым бұрын 34 мың адам көз жұмған. Бұл ауруды Майо клиникасында ондаған жылдар бойы зерттеген Грег Поландтың айтуынша, тұмау 2020 жылдан 2021 жылға дейін таралмаған.
Дәрігерлер бұл құбылыстың бірнеше себебін атады. Біріншіден, АҚШ-та осы кезеңде тұмауға қарсы вакциналардың 190 миллионнан астам дозасы жасалған. Екіншіден, пандемия кезінде әлемнің көптеген елдерінде билік қатаң шектеулер енгізді. Адамдар бетперде таға бастады, үйден сирек шығып, қоғамдық орындарда қашықтықты сақтады, қолын жиі жуды. Көптеген оқу орындары жабылды ал, балалар мен жасөспірімдердің тұмаумен жиі ауыратынын бәрі біледі. Сондай-ақ, ковидке байланысты рейстер мен сапарлар саны азайды.
2020-2021 жылдар аралығында тұмаудың аз тіркелгені жұмбақ емес. Бұл негізінен әлем билігі COVID-19 пандемиясына байланысты қабылдаған шектеу шараларына байланысты болды.