Антикор фейк ақпараттар туралы ескертті
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі қазақстандықтарды жаңа алаяқтық схема туралы ескертті. Белгісіз біреулер танымал қосымшалар арқылы қоңырау шалып, өздерін Антикор қызметкерлеріміз деп таныстырып, жалған ақпарат ұсынады. Бұл туралы ведомство өзінің ресми Telegram-арнасында хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды мессенджерлер (WhatsApp, Telegram және т.б.) арқылы жалған аккаунттар құрып, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен басшылығының атынан қоңыраулар жасайтын, сондай-ақ жалған ақпарат жіберетін адамдар тобының алаяқтық әрекеттері туралы ескертеді.
Жалған ақпараттарға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ қаражат аудармауға шақырамыз.
Осындай жағдайларға кездескен кезде, құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұраймыз», – делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.