Дәлелсіз: «Барлық бидай модификацияланған және зиянды»
Telegram мессенджерінде барлық бидай модификацияланған және зиянды екендігі туралы видео таралды. Глютен денсаулыққа қауіпті, әсіресе оны диабетпен ауыратындарға, онкологиялық науқастарға және созылмалы аурулары бар адамдарға жеуге болмайды екен. Роликтің авторы бидайдан емес, арпадан пісірілген нанды тұтынуға шақырады. Жағдайдың мән-жайын түсіндірейік.
Видеодағы адам – Фахруддин Мирзоев – МБФ (Мұсылмандар бизнес форумы) негізін қалаушы. Кәсіпкер жылжымайтын мүлікпен және инвестициялармен айналысады. Оның қызығушылықтарының бірі – халықтық медицина. Мирзоев адамның темпераментіне сәйкес фитотерапиямен және диеталармен емдеуді жарнамалайды. Кәсіпкердің ресми медицинаға немесе ауыл шаруашылығына ешқандай қатысы жоқ.
Ұзақ уақыт бойы бидай әлемнің көптеген елдерінде басты дәнді дақыл болып қалуда. Бұл шын мәнінде табиғи гибрид, ол бүгінгі формада бізге түраралық селекцияның нәтижесінде жеткен. Ежелгі заманнан бері адамдар оны өз қажеттіліктері үшін өзгертті. Бірде-бір дәнді дақылдың осындай көп түр мен сорты жоқ. Аязға және құрғақшылыққа төзімді сорттар әзірленді. Бидай өсіруде Қытай, Үндістан, АҚШ және Ресей көш бастап тұр.
ГМ бидайды зерттеу бойынша далалық сынақтар Ұлыбританияда, АҚШ-та, Канадада, Австралияда және басқа елдерде 1990 жылдардан бері жүргізіліп келеді. Бидайды гербицидтер мен вирустарға төзімді ету, глютенді азайтып, лизинді көбейту, дәрі-дәрмек өндірісінің сапасын жақсарту және өнімділікті арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аргентиналық Bioceres Crop Solutions компаниясы құрғақшылық жағдайында жақсы өнім беретін HB4 бидайын жасап шығарды.
Бұл трансгенді сорт. Оның құрамында күнбағыстан оқшауланған ген бар. 2020 жылы Аргентина Үкіметі HB4 бидайын коммерциялық өсіруге рұқсат берді. Үш жылдан кейін тағы екі ел (Парагвай мен Бразилия) ГМ бидайын өсіре бастады. Барлық басқа елдерде модификацияланған бидайды коммерциялық өсіруге тыйым салынған.
Жиырма жыл бұрын тағы бір компания трансгенді бидай жасаумен айналысты. Monsanto фирмасы дәнді дақылдарға «Раундап» гербицидімен өңдеуге төтеп беретін ген қосты. Алдымен компания АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының мақұлдауына ие болды, бірақ 2004 жылы өтінім кері қайтарылды. Бидайдың селекциясы мен генетикасын зерттейтін Огайо штаты университетінің доценті Клэй Снеллер Monsanto-ның ГM бидайы қауіпсіз деп санайды. Компания дәл осы генді ГM жүгерісіне, соя бұршақтарына және мақтаға қосқан. Дақылдар бүкіл әлемге экспортталады және проблема тудырмайды.
Бірер уақыттан бері глютеннің қауіптілігі туралы пікірталастар тоқтамай келеді. Бұл дәнді дақылдардың құрамына кіретін ақуыз. Оның тағы бір атауы – желімтек. 2020 жылы 1891 жылдан 2010 жылға дейінгі бидайдың 60 түрін талдаған ғылыми зерттеу жарық көрді. Ғалымдар бидайдың қазіргі сорттарында ескі сорттарға қарағанда ақуыз әлдеқайда аз екенін анықтады. Оның үстіне, ақуыздың құрамына селекция емес, қоршаған орта жағдайлары көбірек әсер еткен. Бірақ глютеннің мөлшері үнемі тұрақты болып қала берген. Яғни, қазіргі бидай сорттарындағы иммунореактивті ақуыздар бұрынғыдай, одан артық емес. Бидайдың модификациясы дәнді дақылдардағы глютеннің артуына әсер еткеніне нақты дәлелдер жоқ.
Видео авторы ғалымдар әлі арпаға жеткен жоқ дейді. Ол қателеседі. РҒА СБ Цитология және генетика институтының командасы Лейбниц атындағы Ауылшаруашылық өсімдіктері генетикасы институтындағы (Германия) әріптестерімен ынтымақтастықта гендік модификациялау арқылы арпаның қасиеттерін жақсартпақ. Cas9/gRNA технологиясы арқылы гендерді өзгерту және өшіру арқылы зерттеушілер қабықшалы арпа сортын жалаңаш тұқымдыға айналдыра алды. Ғалымдардың басты міндеті – дәнді дақылдардың сорттық сипаттамаларын жақсарту.
Ондаған жылдар бойы бидайдың өзгергені рас, бірақ бұл гендік инженерияның емес, будандастырудың салдары. Аграршылар жақсы өнім алу үшін өсімдіктің белгілі бір сорттарын араластырады. ГМ бидайы адамдарда глютенге деген ерекше сезімталдықтың пайда боулына әкелетінін дәлелдейтін бірде-бір сенімді ғылыми зерттеу жоқ. Дәнді дақылдар жақсы өнім беріп, аурулар мен температураның өзгеруіне төзімді болуы үшін ғалымдар гендік-модификацияланған бидай жасап шығармақ.