Астана қаласының Полиция департаменті мектептерде жасалуы ықтимал терактілер туралы хабарламаларға қатысты пікір білдірді
Telegram-арналардың бірінде Астана қаласының мектептерінде жаппай атыс болатыны туралы хабарламалар жарияланды. Автордың айтуынша, бұл 19 сәуірде болады екен. Ол «мектептерге кіріп, балаларды өлтіруге дайын» екенін мәлімдеген.
Қарудың суретін де салған.
Астана қаласының Полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.
«Полиция департаменті мессенджерлерде, соның ішінде Telegram-да тараған мектептерде жасалуы ықтимал терактілер туралы хабарламалар шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Білім беру ұйымдары тиісті қызметтермен тексерілді.
Тұрғындардан тыныштық сақтап, тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз.
Естеріңізге сала кетейік, көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – делінген Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.