Фейк: «Сағыз құрамындағы E934 қоспасына байланысты психиканың бұзылуына әкеледі»
Қазнетте тараған видеода сағыз адамды есінен адастырып, дамуын тежейді делінген. Қантсыз сағыздың құрамында E934 тағамдық қоспасы бар, ол ми жарты шарларының бірлескен жұмысын нашарлатып, кеңістікті қабылдаудың тұтастығын және психиканы бұзады, ақпаратты талдау жүйесін жояды екен. Мұның бәрі жалған.
Видеоның авторы Екатерина Радуганың сөзінше, оның мамандығы «журналист, ал кәсібі – шөптен дәрі жасау. Демек, оның медицина мен химия саласында білімі жоқ. Сонымен қатар, Радуга кейде өзінің Telegram арнасында ғылымға қарсы жаңалықтар мен қастандық теорияларын жариялап тұрады.
Бұл жолы шөп дәрігері қантсыз сағыз туралы айтады. Ол сағызға тәтті дәм беру үшін қосатын E934 тағамдық қоспасына баса назар аударады. Радуганың айтуынша, цифрлық кодтың астарында «әскери улы зат» аспаргин қышқылы жатыр. Бұл жалған. ДДҰ және БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы Codex Alimentarius деп аталатын халықаралық тамақ стандарттарының, нормалары мен ұсыныстарының жинағын шығарды. Бұл жинаққа рұқсат етілген тағамдық қоспалардың тізімі де кіреді. Олардың әрқайсысының өз коды бар. Тізім өзгеріп, жаңартылып отырады. Оның ішінде тәттілендіргіштер де бар. Ал E934 қоспасы жоқ.
E900-E999 тағамдық қоспалары – тәттілендіргіштер, жылтырататын заттар немесе қаптаманы толтыратын газдар. Олардың арасында E934 жоқ.
Видеода аталған аспарагин қышқылы тағамдық тәттілендіргіш емес, бірақ аспартамның бөлігі болып табылады. Ал аспартам – E951 коды бар рұқсат етілген тағамдық қоспа. Сондай-ақ, аспарагин қышқылы ағзада түзіледі және жүйке мен гормоналды жүйелердің функцияларын қалыпқа келтіруге қатысады. Сонымен қатар, аспарагин қышқылы өсімдік және жануар тектес көптеген тағамдарда кездеседі. Атап айтқанда, жержаңғақ, соя, жұмыртқа, картоп, қызанақ, сиыр еті және т.б. Мұның бәрі миға ешқандай зиян келтірмейді.
Видеода мысал ретінде аспарагин қышқылы қолданылған лоботомия барысы көрсетілген. Операция арнайы медициналық құралдардың көмегімен жасалған, онда амин қышқылын қолдану туралы айтылмайды.
Лоботомия принципі де дұрыс түсіндірілмеген. Дәрігер оң және сол жақ жарты шарларды бөлмеген. Бұл мидың алдыңғы және басқа бөліктерінің арасындағы байланыстың үзілуі. Операция өткен ғасырдың 30-жылдары кеңінен пайдаланылды. Лоботомия көбінесе психикалық ауытқулары бар науқастарға жасалды. Тәуекелі мен тиімсіздігі жоғары болғандықтан хирургиялық араласудың бұл түріне тыйым салынды.
Видеода келтірілген дәлелдер жалған және оларға сенбеген жөн. Сағыздың құрамында E934 тағамдық қоспасы жоқ. Аспарагин қышқылы ағзада қалып, жиналады деген тезис ғылымға қарсы. Лоботомия кезінде аспарагин қышқылы мүлдем қолданылмаған.